ТҮРКІСТАН: СОЗАҚТА «БЕЛСЕНДІ ҰЗАҚ ӨМІР ЖӘНЕ ТЕҢ ҚОҒАМ» ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

ТҮРКІСТАН: СОЗАҚТА «БЕЛСЕНДІ ҰЗАҚ ӨМІР ЖӘНЕ ТЕҢ ҚОҒАМ» ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ
Созақ ауданына қарасты Құмкент ауылдық округінде әлеуметтік және спорттық нысан ашылып, тұрғындар қос бірдей қуаныштың куәсі болды. Алдымен жабық үлгідегі кіші футбол алаңының ашылу салтанаты өтіп, одан кейін «Белсенді ұзақ өмір және тең қоғам» орталығы есігін айқара ашты. Шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып, тұрғындарды жаңа орталықтың ашылуымен құттықтады.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов орталықтың әлеуметтік маңызын атап өтіп, ардагерлерге жасалған жағдайға ризашылығын білдірді. Сондай-ақ ауданның Құрметті азаматы, ауыл қариясы Серікбай Байқұтиев биыл Құмкентте атқарылған ауқымды жұмыстар үшін ауыл тұрғындары атынан алғыс айтты.
Жаңа орталықта 13 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл нысан зейнет жастағы ардагерлерге және 18 жастан асқан ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған. Бір мезетте 30 адамға дейін қызмет көрсетуге мүмкіндік бар. Сонымен бірге Қызылкөл елді мекенінің қариялары да осы орталықтың қызметін пайдалана алады.
Орталықта тұз шахтасы, психологиялық терапия бөлмесі, дене шынықтыру залы, оқу және демалыс бөлмелері, массаж кабинеті, бильярд және шахмат ойындарына арналған орындар мен шәй ішіп, еркін демалуға арналған асүй жабдықтары қарастырылған.
Жиын соңында тұрғындар жаңа орталықтың ішін аралап, көрсетілетін қызмет түрлерімен танысты және өз ризашылықтарын жеткізді.
Айта кетейік, биыл дәл осындай орталық аудан орталығынан бөлек, Созақ ауылында да ашылды. Бұл жұмыстар әлеуметтік саланың әлеуетін арттырып, ардагерлерге көрсетілетін қызметтің қолжетімділігін кеңейтіп келеді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі