ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ 100 ПАЙЫЗ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛДЫ

ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ 100 ПАЙЫЗ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛДЫ
Ордабасы ауданының тұрғындары қазіргі таңда 100 пайыз таза ауыз сумен қамтылып отыр. Өткен жылы аудандағы 57 елді мекеннің 54-і орталықтандырылған сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген болатын. Бұл жалпы қамту деңгейінің 94,7 пайызы болатын. Ауыз су мәселесін толық шешу және халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында биыл Мәдениет, Ынтымақ және Жұлдыз елді мекендерінде күрделі құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп, барлық елді мекендер толық ауыз сумен қамтылды.
Қолданыстағы су жүйелерінің тұрақты және сапалы жұмысын қамтамасыз ету үшін аудан бойынша бірқатар елді мекендерде ағымдағы жөндеу жұмыстары қолға алынған. Атап айтсақ, Ақбұлақ, Қайнар, Ұялыжар, Ықыластемір, Теспе, Жамбыл, Бірлік, Бөген, Жеңіс, Қызылжар және Көктөбе ауылдарында су құбырлары жөнделіп жатыр. Бұл жұмыстар тұрғындарға үздіксіз және қауіпсіз ауыз су жеткізуге мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, аудандық бюджет есебінен Төрткүл, Көкарал, Бадам, Шұбар, Бөген және Қарақұм елді мекендерінің ауыз су жүйелерін қайта құруға арналған жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалған. Құжаттар құрылыс жұмыстарын бастау үшін қажетті қаржыны қарастыру мақсатында уәкілетті органдарға ұсынылған. Жалпы, Ордабасы ауданында ауыз су мәселесін шешуге бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға маңызды үлес қосуда.