ТҮРКІСТАН: КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІН САҚТАУ, ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ТҮРКІСТАН: КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІН САҚТАУ, ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Түркістан облысының кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі штабтың кезекті отырысы өтті. Жиынға құқық қорғау органдары мен жауапты басқармалардың басшылық құрамы және аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Отырыс барысында атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы жоспарлар талқыланды. Мәжілісті Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жүргізіп, жауаптыларға жұмысты ширату жөнінде тапсырма берді.
– Балалардың құқық бұзушылығы бойынша орын алған әрбір келеңсіз жағдай аудан әкімдіктерінің тікелей бақылауында болуы тиіс. Бұл мәселеде тек тәртіптік шаралармен шектелмей, жан-жақты алдын алу шараларын жүргізу қажет. Әрбір баланың құқығын қорғау мен қауіпсіздігін сақтау – басты міндет. Сондықтан бұл бағытта жанашырлықпен әрі жүйелі жұмыс жүргізілуі қажет, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Мәжілісте облыстық білім басқармасының орынбасары Айгүл Қасымбекова баяндама жасап, аудан, қала әкімдіктерінің жанынан құрылған штаб отырысының жай-күйіне тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда тек Сарыағаш пен Келес аудандарында штаб отырысы өткен. Қалған өңірлерден тиісті ақпараттың уақытылы жолданбауы нақты шешімдер қабылдауға кері әсерін тигізуде. Бүгінде барлық аудан, қала әкімдіктері мен облыстық штаб мүшелерінің қатысуымен WhatsApp чаттары құрылып, орын алған жағдайларға жедел әрекет ету тетіктері жолға қойылған.
Сонымен қатар Түркістан облысында білім беру ұйымдарындағы жалпы ахуалды жақсарту және оқушыларға жаңа тәрбие стратегияларын енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта 2024-2026 жылдарға арналған кәмелетке толмағандар арасында экстремизм мен терроризмнің алдын алу жөніндегі Жол картасы әзірленіп, барлық аудан, қала әкімдіктеріне жолданды. Бүгінгі таңда, облыста 1114 білім беру ұйымдары алгоритмге сәйкес, қызығушылық танытатын кәмелетке толмағандар анықтау жұмыстары жүргізілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі