Түркістан облысының жастары экологиялық тәрбие мен табиғатты қорғауды насихаттау мақсатында «EcoAction» челленджін ұйымдастырды. Іс-шара облыстағы аудан-қалалық «Жастар ресурстық орталықтарының» қатысуымен өтті. Бұл бастама Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының қолдауымен, «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен жүзеге асырылып, өңірдегі 17 аудан мен қалаларға жолданды. Челлендж аясында облыс орталығының жастары сенбілік ұйымдастырып, оны аймақтарға әлеуметтік желі арқылы жолдады. Кейін өзге өңірдегі жастар челленджі жалғастырды.
Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-ның басшысы Ернар Бектаевтың сөзінше, бұл бастама экологиялық мәдениетті нығайтуға, жастар арасындағы ынтымақтастық пен жауапкершілікті арттыруға бағытталған.
«Табиғатты қорғау мақсатында ұйымдастырылған «EcoAction» челленджі экологиялық мәдениеттің жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашып, өңірлік жастар қауымдастығына үлгі болуда. Сондай-ақ, жастардың қоғамдағы маңызды мәселелерге бей-жай қарамайтынын, табиғатқа деген жауапкершілігін және болашаққа деген қамқорлығын көрсетеді. Мұндай игі шаралар өңірде алдағы уақытта да ұйымдастырылады», - деді орталық басшысы.