ТҮРКІСТАНДА ҚЫСҚЫ МАУСЫМҒА АРНАЙЫ ТЕХНИКАЛАР ТОЛЫҚ ДАЙЫН

ТҮРКІСТАНДА ҚЫСҚЫ МАУСЫМҒА АРНАЙЫ ТЕХНИКАЛАР ТОЛЫҚ ДАЙЫН
Қазіргі таңда Түркістан қаласындағы жолдарының жалпы ұзындығы 845 шақырымды құрайды. Оның ішінде 125,61 шақырымы – бірінші кезекте қардан тазаланатын және инертті материалдар себілетін орталық учаскелер. Биыл қаладағы асфальт жолдардың көлемі 66,7 пайызға дейін артқан.
Қысқы маусымға дайындық мақсатында «Түркістан Жарық Тазалық» ЖШС, «Жасыл ел» ЖШС, «Түркістан Су» МКК және «SK Geokard» ЖШС мекемелері 12 КДМ және 18 тракторды әзірлеген. Бұдан бөлек, инфрақұрылым, құрылыс және жол бөлімдері, «Жасыл Түркістан» КММ және «Жол қызметі» мекемелері тарапынан 10 жүк тиегіш пен 22 «Камаз» техникасы дайын.
Қар тазалау және көктайғақтың алдын алу жұмыстарына жалпы 52 арнайы техника мен 550 қызметкер жұмылдырылмақ. Қажетті материалдар қоры да жеткілікті. Инертті материалдардан 310 тонна құм және 500 тонна тұз қоры дайын.
Магистральды көшелерді қардан тазалау үш бағыт бойынша жүзеге асырылады. Сонымен қатар 31 қосымша көше, 5 саябақ, Әкімшілік-іскерлік орталық аумағы, Рухани-мәдени орталық және Б.Саттарханов даңғылы бойындағы желілік саябақтар белгіленген кезекпен қардан тазартылады.
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы коммуналдық ұйымдардың жұмыс базаларын аралап, техникалардың жарақтандырылуы мен қолжетімділігін, сондай-ақ қысқы кезеңге дайындық барысын тексерді. Қала аумағында қар тазалау, көктайғақтың алдын алу және жедел әрекет ету шараларының нақты жоспарын пысықтап, жауапты мекемелерге дайындықты күшейтуді тапсырды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі