Түркістан облысына жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков келді. Іссапар барысында вице-министр облыстық әкімдік өкілдерімен бірге өнеркәсіп орындарының жұмысымен танысып, кәсіпорын иелерімен тілдесті. Өңірдің инвестициялық климатын жетілдіру жолдарын талқылап, бизнес өкілдерінің ұсыныстарын тыңдады.
Ең алдымен вице-министр «Turan» арнайы экономикалық аймақ пен индустриалды аймақта орналасқан бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысты.
Атап айтқанда, текстиль кластерін іске асырып жатқан «Kazakhstan Lihua» ЖШС-нің өндірісімен танысты. Жоба Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы саласын дамыту және озық агротехнологияларды енгізу бойынша қойған тапсырмаларын жүзеге асыруды көздейді. Жобаның мақсаты – алқапта мақта өсіруден бастап дайын киім өндіруге дейін өндірістің толық циклін қалыптастыру. Нәтижесінде Отырар ауданы мен Арыс қаласында 60 мың гектар суармалы жер алаңында Орталық Азиядағы ірі мақта өсіру кешенін құру жоспарлануда. 1,4 мыңнан астам тұрақты және 300-ден астам уақытша жұмыс орны ашылады.
Сонымен қатар вице-министр «ER-QAN GROUP» ЖШС полиэтилен пакетін өндіру өндірісімен танысты. Жоба орамдағы полиэтилен пакеттері мен желім (пластик) ыдыстарын шығарумен айналысуда.
Сонымен қатар Сауран ауданында орналасқан өндірістік аймаққа барып, онда іске асырылып жатқан өнеркәсіптік тоңазытқыштар шығаратын «UBC Group» ЖШС және пластмас өнімдерін шығаратын «Сауран Пласт» ЖШС қызметтерімен танысып, кәсіпорын иелерімен тілдесті.
Бұдан бөлек, Түркістан қаласындағы «Turan mall» көпсалалы кешенінде болып, ғимарат жұмысымен танысты.
Екі күндік жұмыс сапарының қорытындысында облыс орталығында Түркістан облысының ірі импорттаушылар және сауда саласында қызмет атқаратын бизнес өкілдерімен арнайы кездесу өтті. «Ұлы дала елі» орталығында өткен кездесуге жалпы 100-ден астам кәсіпкерлер қатысып, саладағы өзекті мәселелер талқыланып, тікелей сұрақтар қойылды.
Сапар соңында Ордабасы ауданындағы Индустриалды аймаққа барып, онда «Altyn bricks» ЖШС-ның құрылыс материалдарын өндіретін жобасымен және «Central Asia aluminum» ЖШС-ның алюмин өнімдерін өндіретін жобасымен танысты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі