Түркістан облысының әкімі Нұрлан Көшеров өңірге жұмыс сапарымен келген «Altyn Bank» АҚ Басқарма төрағасы Мұрат Байсыновты қабылдап, банктің инвестициялық бастамалары мен ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Кездесу барысында тараптар экономикалық серіктестікті нығайту, өңірдегі қаржы секторының әлеуетін арттыру және бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша келіссөз жүргізді.
Нұралхан Көшеров облыстың экономикалық, индустриялық және табиғи мүмкіндіктеріне тоқталып өтті. Оның айтуынша, Түркістан өңірі уран, алтын, темір рудасы және фосфорит сияқты бай табиғи ресурстарымен ерекшеленеді. Сондай-ақ қолайлы климат ауыл шаруашылығын жыл бойы дамытуға мүмкіндік береді.
– Біздің өңір елімізде ауыл шаруашылығы өнімін өндіру бойынша бірінші орында, сондай-ақ ет өнеркәсібінде шешуші рөл атқарады. Қазақстан бойынша ірі қара мал етінің экспортының 80%-ы және ұсақ мал етінің 75%-ы Түркістан облысына тиесілі. Жалпы өңірде инвестициялық ахуал жақсы. Бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз, – деді облыс әкімі.
Облыс басшысы инвестициялық мүмкіндіктерге ерекше назар аударды. Бүгінде өңірде 20 индустриялық аймақ пен аумағы 4000 гектарды құрайтын «Turan» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді. Онда инвесторларға салық жеңілдіктері ұсынылып, жобаларды тиімді іске асыруға жағдай жасалған. Сонымен бірге, өндірістік инфрақұрылымды дамыту бойынша «Шағын өнеркәсіптік парктер» жобасы іске асырылып жатыр. Инвесторлар үшін дайын ғимараттарды жалға алу немесе сатып алу мүмкіндігі қарастырылған.
Мұрат Байсынов банктің өңірде бірқатар перспективалы жобаларды жүзеге асыру мәселесін қарастыруға дайын екенін және Түркістан облысымен серіктестікті дамытуға мүдделі екенін білдірді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі