ТҮРКІСТАНДА ҚАЗАҚЫ ҮЛГІДЕГІ КИІЗ ҮЙЛЕРМЕН КӨМКЕРІЛГЕН ҚОНАҚҮЙ САЛЫНАДЫ

ТҮРКІСТАНДА ҚАЗАҚЫ ҮЛГІДЕГІ КИІЗ ҮЙЛЕРМЕН КӨМКЕРІЛГЕН ҚОНАҚҮЙ САЛЫНАДЫ
▪️Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен облыста жүзеге асырылатын сәулеттік жобалар талқыланған кезекті кеңес өтті. Жиында Арыс, Кентау қалаларындағы сәулеттік жобалар және Түркістан қаласында жүзеге асыру көзделіп отырған бастамалар талқыланды. Өңір басшысы жобаларды жүзеге асыру барысында заманауи әрі соңғы үлгідегі тәсілдер мен идеяларды қолдану қажет екенін айтты.
📌– Аудандардың кіреберістерін сәндеуде заманауи сәулет үлгілерін ұсыныңыздар. Сәулет-құрылыс саласына жаңашылдық, белсенділік қажет. Жалпы өңірдің дизайн коды Түркістан қаласымен үндес әрі біркелкі болуы керек деп ойлаймын. Өңірдегі туристік нысандар орналасқан аудан, қалалардың кіреберіс тұстарын, шекарадағы кеден бекеттерінің айналасын реттеу қажет, – деді Нұралхан Көшеров.
▪️Сәулеттік кеңес отырысында Түркістан қаласына медициналық орталық салу, қазақы үлгідегі қонақүй жобасы, шаһарда шағын сәулеттік формалар салу, билер аллеясын салу және өзге де жобалар талқыланды. Сонымен бірге Түркістан қаласында ауқымды іс-шараларды өткізетін заманауи Рәміздер алаңын салу, көше бойларына жабайы жүзім өсіріп, жазғы аптапта көлеңке мен саяны көбейту мәселесі де сөз болды. Кентаудағы базар маңын реттеу, Арыс қаласына веложол мен кәсіпкер есебінен жаңа саябақ салу мәселесі де қаралып, тиісті ұсыныстар берілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі