Н.КӨШЕРОВ: «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАР ЖЫЛДЫҢ 4 МЕЗГІЛІНДЕ ДЕ ЖАЛҒАСАДЫ»

Н.КӨШЕРОВ: «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАР ЖЫЛДЫҢ 4 МЕЗГІЛІНДЕ ДЕ ЖАЛҒАСАДЫ»
▪️Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте осы бағыттағы жұмыстар талқыланды. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар туралы егжей-тегжейлі мәлімет ұсынды. Оның айтуынша, өткен аптаның өзінде өңір елді мекендерінде 114 тазалық іс-шарасы өткізіліп, оған 32 945 тұрғын қатысқан. Нәтижесінде 171 тонна қоқыс шығарылған. Бағдарлама аясында бекітілген жоспарлардың орындалуы тұрақты бақылауда. Өңір басшысы жұмыс қарқынын түсірмеу керектігін айтты.
📌– «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар көктем мен жазда ғана емес, жылдың 4 мезгілінде де жалғасады. Әлі де тазалық бойынша мәселелер бар. Оны аудандарға іссапар барысында көріп жүрміз. Жұмысты жүйелей түсу керек, – деген Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне нақты міндеттер жүктеді.
▪️Өткен ай соңындағы тазалық іс-шараларына тоқталсақ, Сарыағаш ауданында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында кең көлемді экологиялық акция ұйымдастырылды. Шара барысында 11 000 түп ағаш отырғызылып, 3 000-ға жуық тұрғын мен мекеме қызметкерлері қатысқан. Сонымен бірге 18 тонна қоқыс жиналды. Бағдарламаны тиімді іске асыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да күшейтілген. Бүгінгі күнге дейін 101 билборд орнатылып, 609 бейнеролик әзірленген.
▪️Аймақта экологиялық мәселелерге қатысты хабарламаларды қабылдайтын «TazaQazBot» жүйесіне бүгінгі күнге дейін 3 423 өтінім түскен. Оның 3 420-сы орындалған. Осыған байланысты аудан-қала әкімдіктеріне платформаны халық арасында кеңінен насихаттау тапсырылды. Бұдан бөлек, қоғамдық орындарда санитарлық талаптарды бұзған тұлғаларға қатысты жыл басынан бері 27 137 хаттама толтырылып, жалпы көлемі 554,1 млн теңге айыппұл салынған. Оның 317,9 млн теңгесі өндірілген. Ауыл округі әкімдері де өз құзыреті аясында шара қабылдап, 2025 жылдың басынан бері 505-бап бойынша 4 745 хаттама рәсімдеп, 41,9 млн теңге айыппұл салған. Өндірілген қаржы көлемі 21,3 млн теңгені құрады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі