Түркістанда әйелдердің көшбасшылық әлеуетін дамыту арқылы олардың саяси, әлеуметтік-экономикалық өмірге белсенді қатысуын арттыру мақсатында «Отбасы істері және гендерлік саясатты жүзеге асыру» жобасының аясында «TOMIRIS» ақпараттық-білім беру семинар-тренингі өтті.
Іс-шараға Түркістан облысының әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Тлемисов, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Лаззат Сүлеймен, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі Баян Жандосова, «AMANAT» париясының Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, Облыстық әйелдер қанатының жетекшісі Қалыйма Жантөреева, «Түркістан облысының Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалардың қауымдастық нысанындағы бірлестігінің төрайымы Инара Намазбаева арнайы қатысты.
– «TOMIRIS» ақпараттық-білім беру семинар-тренингі – отбасылық құндылықтарды нығайту және әйелдердің қоғамдық-саяси белсенділігін арттыру бағытындағы маңызды қадамдардың бірі деп білемін. Бүгінгі жиында өзекті мәселелер көтеріліп, ұсыныстар айтылады. Мамандар мен сарапшылардың тәжірибесі – өңіріміздегі атқарылып жатқан жұмыстарға жаңа серпін беретіні сөзсіз. Түркістан облысы – еліміздегі демографиялық өсімі ең жоғары өңір. Бүгінгі таңда облыста 185 мыңнан аса көпбалалы ана бар. Әйелдердің өңір экономикасы мен мемлекеттік басқарудағы үлесі де айтарлықтай. Қазіргі таңда, 212 мыңнан астам кәсіпкердің 42 пайызы – әйелдер. Мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүрген 5 611 маманның 1 572-сі нәзікжандылар, оның ішінде 233-і басшылық қызметтерді атқаруда. Бұл – өңірдің экономикалық, саяси және әлеуметтік дамуына әйелдер қауымының қосып отырған елеулі үлесінің дәлелі, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Семинар-тренингке қатысушылар қатарында бизнес-құрылымдардың өкілдері, отбасы істері және гендерлік саясатты жүзеге асыруда белсенділік танытып, өңірдің 17 аудан, қаласынан арнайы саяси менеджмент мектебіне іріктелген 85 іскер әйел, үкіметтік емес ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар.
Семинар-тренингтің күн тәртібі бойынша панельдік сессия ұйымдастырылды. Онда «Саясаттағы әйелдер: өзгерістерістердің көшбасшылары» тақырыбында мәселелер талқыланды. Қатысушылар өз ойларын ортаға салып, тренинг соңында арнайы сертификаттармен марапатталды.