Түркістан қаласында «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету бағытында облыстық «Білімді жастар – ел ертеңі» форумы аясында марапаттау шарасы өтті. Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев арнайы қатысып, «Таза Қазақстан» бағдарламасына белсене үлес қосқаны үшін өңірдегі белсенді жастарды марапаттады.
–Тарихи шаһарда «Заң мен тәртіп» жобасы аясында «Білімді жастар – ел ертеңі» атты көшбасшылар форумы өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға әрдайым зор сенім артып, жауапкершілік пен тәртіптің маңызын ерекше атап өтеді. Президентіміздің «Жастарымыз отаншыл, білімпаз әрі жанашыр болуы қажет» деген сөзі бар. Ал білімді жастарды қолдап, әділетті қоғам орнатуда «Заң мен тәртіп» қағидатының маңызы зор. Сондықтан біз жастармен біргеміз әрі бастамаларын қолдаймыз. Қазіргі таңда Түркістан облысында жастар саясатын дамыту мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Ел Президентінің бастамасымен іске асқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы – бір күндік акция емес, жастарды туған жерге деген сүйіспеншілікке, экологиялық мәдениетке баулитын маңызды жоба, – деген облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы «Таза Қазақстан» жобасына үлес қосқан азаматтарға шынайы алғысын білдірді.
Сонымен қатар Түркістан облысының «Jas Turkestan» еріктілер ассоциациясының төрағасы Нұрболат Жүрсін сөз сөйлеп, жастардың экологиялық бастамаларға қатысуының маңыздылығын ерекше атап өтті. Ол еріктілер қозғалысының қоғам үшін маңызын көрсетіп, табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстарды одан әрі жалғастыру қажеттігін жеткізді.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы өңірдегі белсенді жастармен бірге күзгі көшет отырғызу рәсіміне қатысты. Іс-шараның мақсаты – аймақтың экологиялық ахуалын жақсарту әрі жастарды табиғатты қорғау бастамаларын кеңінен тарту.
Айта кетсек, «Таза Қазақстан» бағдарламасына өңірдегі белсенді жастар белсене атсалысып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға өз үлестерін қосып жүр. Олар сенбіліктерге қатысып, көшет отырғызып, түрлі экобастамаларды жүзеге асырып келеді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі