Түркістан қаласында өткен халықаралық инвестициялық форум Сайрам ауданы үшін жаңа мүмкіндіктердің есігін ашты. Форум аясында аудан мен Қытай Халық Республикасының инвесторлары стратегиялық маңызы жоғары екі меморандумға қол қойды.
Алғашқы келісім — “KUZOV KARABULAK” және DAYUN AVTO CENTRAL ASIA LIMITED арасында жасалды.
Бұл жоба ауыр жүк көліктеріне арналған тіркемелер (прицептер) өндіретін жаңа өндіріс алаңын құруды көздейді. Өңір үшін ауқымы үлкен бұл бастама — тек экономикалық инвестиция ғана емес, сонымен қатар жергілікті 500 азаматты жұмыспен қамтымақ. Жоба құны – 2,5 млрд теңге.
Екінші меморандум — “Qazaq Air Tecnology” ЖШС мен Қытайдың “Huankun Industrial Investment Limited” компаниясы арасында бекітілді.
Жоба заманауи технологиялар негізінде сапалы кірпіш өндіретін өндірісті іске қосуды қамтиды. Құны – 1 млрд теңге. Құрал-жабдықтар орнатылғаннан кейін зауыт ай сайын 2,5 миллион дана кірпіш шығаруға мүмкіндік береді. Бұл өндірісте 30-дан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Бұл екі келісім — Сайрам ауданының өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, өңірдің экономикалық дамуына тың серпін беретін маңызды қадам. Инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және заманауи өндірістерді енгізу – ауданның болашақ дамуының берік тірегі болмақ.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі