ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМДА «ТҮРКІСТАННЫҢ ДАМУЫНДАҒЫ ЦИФРЛЫҚ ТРАНСФОРМАЦИЯ МЕН ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ» ТАҚЫРЫБЫНДА ПАНЕЛЬДІК СЕССИЯ ӨТТІ

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМДА «ТҮРКІСТАННЫҢ ДАМУЫНДАҒЫ ЦИФРЛЫҚ ТРАНСФОРМАЦИЯ МЕН ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ» ТАҚЫРЫБЫНДА ПАНЕЛЬДІК СЕССИЯ ӨТТІ
«Turkistan investment and tourism forum – 2025» халықаралық инвестициялық форумы аясында «Түркістанның дамуындағы цифрлық трансформация мен жасанды интеллект» тақырыбында панельдік сессия өтті.
Сессияда Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев, Woosong University Kazakhstan университетінің әкімшілік істер жөніндегі деканы Чон Ён Хва, «Қауіпсіз қала» бағытының жетекшісі, «Hikvision» компаниясының өкілі Алмас Кумбассов, «Shaanxi Kobit Aviation Technology Co., Ltd.» компаниясы бас директорының орынбасары Фан Гоюань, «Sergek Group» компаниясының өкілі Арман Шапаев, «Қазақтелеком» АҚ сату департаментінің директоры Жандос Байдәулетов жасанды интеллектті енгізу, өңірде мамандарды даярлау мен инновацияны қолдау үшін цифрлық платформалар мен орталықтар құру жайында ой қозғап, пікір алмасты. Оған Ботагөз Қасабек модераторлық етті.
Цифрлық инновацияларды жүзеге асыру мен Түркістанның технологиялық әлеуетін арттыруға арналған маңызды алаңда Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Түркістан облысының инвестициялық және туристік әлеуетіне тоқталып, шетелдік инвесторларды бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
– Түркістан – түркі әлемінің орталығы, мәдениет пен руханияттың, даналық пен ғылымның ордасы. Бүгінде біз сол тарихи Түркістанды – инновация, технология, мәдениет, туризм, білім және халықаралық ынтымақтастық орталығына айналдырып жатырмыз. Түркістандағы форум – бұл жай ғана форум емес. Бұл – жаңа әріптестіктер құрылып, бірлескен стратегиялар қалыптасып, аймақтың экономикалық картасын өзгертуге қабілетті перспективалар ашылатын орын. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Жолдауында: «Жасанды интеллектті енгізу – Қазақстанның жаңа экономикалық бағытының өзегі болуы тиіс» деп ерекше атап өтті. Цифрлық шешімдер – шешімдерді жылдам қабылдауға, шығындарды азайтуға, басқару тиімділігін арттыруға және жаңа салаларды дамытуға мүмкіндік береді. Түркістан осы мүмкіндіктерді толық пайдалануға дайын. Біздің міндет – өңірді технологиялық тұрғыда озық аймаққа айналдыру. Біз инвестицияларға, ашық диалогқа және бірлескен жұмысқа дайынбыз. Түркістан – тұрақтылық, серіктестік және даму аймағы. Сіздерді жаңа жобаларды бірге жүзеге асыруға шақырамын, – деген Еркебұлан Дауылбаев форумның жұмысына сәттілік тілеп, жемісті әріптестік орнайтынына сенім білдірді.
Облыста аграрлық секторды цифрландыру арқылы өнімділікті жаңа деңгейге көтеру бағытында ауыл шаруашылығына арналған дрон өндірісі, бейнебақылау камералары мен оптикалық жабдықтар, кабель өнімдерін шығаратын зауыттарды ашу көзделуде.
Түркістан облысында инвестициялық климат жақсы қалыптасқан. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен өндіріс орындарын ашуға, өнімді терең өңдеуге басымдық берілген. Өңірде 20 индустриалды аймақ жұмыс істейді. Бұл – еліміздегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Әр индустриалды аймақ инженерлік инфрақұрылыммен толық жабдықталған, кәсіпорындардың өз жұмыстарын жылдам бастауына барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар «Turan» арнайы экономикалық аймағы өңірдің инвестициялық алаңына айналып келеді. Қазірдің өзінде арнайы экономикалық аймаққа шетелдік және отандық компаниялар қызығушылық білдіруде. Бұл аймақ – алдағы жылдары Түркістанды жаңа экономикалық хабқа айналдыратыны сөзсіз.
Бүгінде әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, жаңа экономиканың жүрегі – білімді, технологияны меңгерген, жаһандық бәсекеге қабілетті мамандар. Осы орайда, Түркістан қаласында IT мамандарын дайындайтын «Woosong Kazakhstan» университеті ашылды. Университет жасанды интеллект, инженерия, бағдарламалау, киберқауіпсіздік салалары бойынша мамандар дайындап, Түркістан жастарына әлемдік деңгейде білім алуға жол ашады. Мұның барлығы Түркістанды Қазақстандағы жаңа ІТ-хабтардың біріне айналдыруда.
Сессия спикерлері өз компанияларының жұмысын таныстырып, тәжірибелерімен бөлісті. Қоғамдық көліктерді цифрландыру, өңірде қауіпсіздікті арттыру, салалаларды автоматтандыру, дрон шығару сияқты жобаларын ұсынып, пікір алмасты.
Панельдік сессия «G2B» форматындағы кездесулерге жалғасты. Еркебұлан Дауылбаев шетелдік ірі компания өкілдерімен жеке-жеке кездесіп, цифрландыру саласына қатысты тың жобалармен танысты. Аппарат басшысы тиімді жобаларды жүзеге асыруға әкімдік тарапынан қолдау болатынын жеткізіп, меморандум жасалатынын айтты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі