ҚР Вице-премьер министрі Қанат Бозымбаевтың тұрғын үйлерге, әсіресе, халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасылардың үйлеріне, жатақханалар мен хостелдерге өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуы бойынша тексеріс жүргізу туралы төтенше жағдайлар министрлігі мен жергілікті әкімдіктерге берген тапсырмасы аясында Жетісай ауданында кезекті рейд өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Нұркен Әлмеш жетекшілік еткен шараға қала әкімі мен кент, ауылдық округ әкімдерінің орынбасарлары, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері мен аудандық полиция бөлімінің инспекторлары, газ инспекциясы мекемесінің қызметкерлері қатысып, аудан аумағындағы жеке және көппәтерлі тұрғын үй секторларының жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау, түссіз газдан уланудың алдын алу, адам шығынын болдырмау, жылыту пештерін пайдаланудың техникалық талаптары мен ережелерін қатаң сақтау мәселелері түсіндірілді. Үнпарақшалар таратылды.
Рейд барысында жылыту маусымы басталғалы жүргізілген түсіндірме жұмыстарына қарамастан тұрғындар тарапынан әлі де болса рұқсат етілмеген жылыту пештерін пайдалану, түтін мұржаларының талапқа сай келмеуі, ақауы бар электр сымдары мен розеткаларды пайдалану жәйттері анықталып, хаттамалар толтырылды.
– Баршамызға мәлім болғандай, газ және электр аспаптарын пайдалануда салғырттық таныту – өртпен байланысты қайғылы жағдайға алып келеді, сондықтан күнделікті тұрмыстағы қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау әрбір азаматтың денсаулығы мен өмірінің, мүлкінің кепілі. Мұндай тексеріс жұмыстары аудан аумағында ұдайы жүргізіліп келеді. Алдағы уақытта да жалғасын табатын болады, – дейді аудан әкімінің орынбасары Нұркен Серікұлы.
Арнайы мамандар тарапынан анықталған кемшіліктер бойынша біріншісінде хаттама толтырылып, ескерту жасалады. Кемшілікті жою бойынша белгілі уақыт белгіленеді. Айтылған уақытта кемшіліктер жойылмаса табиғи газ немесе электр жарығын беру тоқтатылып, айыппұл салынады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі