
– Ауылдың инфрақұрылымы жақсарып, тағы бір ауыл газбен қамтылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауылдық аумақтарды дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың өмір сапасын арттыру жөнінде тапсырма берді. Облыста осы бағытта ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Бүгін Көлкент ауылындағы газ желілерінің құрылысы аяқталып, 3 мыңға жуық абонент көгілдір отынмен қамтылуда. Бұл – әр отбасының тұрмысына жайлы жағдай жасай отырып, экологиялық ахуалды да жақсартатын үлкен қадам. Оған қоса, көлкенттіктер өте еңбекқор екенін қоғам біледі. Ал көгілдір отын осы іскер тұрғындарға оң ықпал етіп, кәсіпкерліктің дамуына да үлкен үлес қосатыны анық.
Бүгінде Сайрам ауданында 42 елді мекеннің 37-сі табиғи газға қосылып, қамту деңгейі 88 пайызға жетті. Жыл соңына дейін 100 пайызға жететін болады, – деген Нұралхан Оралбайұлы тұрғындарды қуанышты сәтпен құттықтады.