
– Биыл Түркістанның облыс орталығы атанғанына жеті жыл. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Түркістанға ерекше мәртебе берілді. Бұл – біздің өңірге жүктелген мәртебелі міндет әрі жоғары жауапкершілікті талап ететін бастама болып отыр. Игілікті істердің жүзеге асуына мәдениет мамандарының да қосар үлес зор болмақ. Түркістанның туристтік әлеуетін арттыру, өңірдегі шығармашылық иелеріне қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше тарту болды. Алғаш рет ерекше форматта ұйымдастырылған фестивальде аудан, қаладан келген өнер ұжымдары, талантты жастар ұлттық құндылықтарымыз бен заманауи өнердің тамаша үйлесімін көрсете білді. Осы орайда, аталған фестивальге үлес қосып, жоғары деңгейде өнер көрсеткен баршаңызға алғысымды білдіремін. Сонымен қатар ауылдық мәдениет үйлері мен клубтардың жұмысын жандандыру бағытында «Ауыл – мәдениеттің бастауы» байқауын ұйымдастырған болатынбыз. Үшінші рет өткен байқауға 115 ауылдық мәдениет үйі мен клубтары қатысып, үздіктері марапатталып отыр. Біз алдағы уақытта Түркістан өңірінің мәдени дамуына үлесі мол ауқымды жобаларды жоспарлап отырмыз, – деді Ертай Кенжебекұлы.