ТҮРКІСТАН: КЕЛЕС АУДАНЫНДА АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ БАҒЫТЫНДА ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ЖҮРІП ЖАТЫР

ТҮРКІСТАН: КЕЛЕС АУДАНЫНДА АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ БАҒЫТЫНДА ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ЖҮРІП ЖАТЫР
▪️Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «2025 жылдың соңына дейін барлық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету» тапсырмасы аясында Түркістан облысына қарасты аудан, қалаларда ауыз сумен қамту шаралары жүргізілуде. Осы тұста Келес ауданында нақты істер жүзеге асып жатыр. Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Мақсат Тұрдиев жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне брифинг өткізіп, баяндады.
▪️Қазіргі таңда аудандағы 83 елді мекеннің 64-і орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Яғни жалпы халықтың 77 пайыздан астамы таза ауыз сумен қамтылды. Ал қалған 19 елді мекенің 15 елді мекенінде құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. 4 елді мекен эканомикалық тиімсіз болып табылады. Бүгінде жалпы құны 10,4 млрд теңгені құрайтын 12 ауылда су жүйелерін тарту жұмыстары жүргізілуде.
📌— Бұл ауылдардың қатарында Ғ.Мұратбаев, Қаратөбе, Кеңдала, Көгерту, Ақжар, Қосөткел және тағы басқа елді мекендер бар. Құрылыстың сапасына ерекше назар аударып отырмыз, — деді Мақсат Тұрдиев.
▪️Қазіргі уақытта Кеңдала, Ақжар, Көгерту және Оңтүстік ауылдарында құрылыс аяқталып, жүйелерді тазалау және сынақтан өткізу жұмыстары жүріп жатыр. Ал Ғ.Мұратбаев, Қаратөбе, Ескіқорған және Құйған елді мекендерінде абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
▪️Жалпы, аудан бойынша 278 шақырым жаңа су құбыры тартылып, 2,6 шақырым тереңдікте ұңғымалар қазылған. Бұл – мыңдаған тұрғынның таза ауыз суға қол жеткізуіне жол ашқан үлкен нәтиже.
▪️Дегенмен, кейбір ауылдарда жер асты суларының төмендеуі мен ұңғымаларда құмның көбеюі сияқты қиындықтар бар. Осыны ескере отырып, 2025–2027 жылдарға арналған арнайы іс-шаралар жоспары қабылданған. Бұл жоспар аясында жаңа ұңғымалар қазу, ескі ұңғымаларды жөндеу, су жүйелерін жаңғырту және автоматтандыру, сондай-ақ тұрғындарға суды үнемдеу мен дұрыс пайдалану жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу көзделген.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі