ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ШӘУІЛДІР АУЫЛЫНДАҒЫ ЗАҚЫМДАНҒАН ТҰРҒЫН ҮЙДІ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАҚЫН КҮНДЕРІ БАСТАЛАДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ШӘУІЛДІР АУЫЛЫНДАҒЫ ЗАҚЫМДАНҒАН ТҰРҒЫН ҮЙДІ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАҚЫН КҮНДЕРІ БАСТАЛАДЫ
▪️Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Отырар ауданындағы Шәуілдір ауылына барып, газбен қамту жүйесіндегі жарылыс салдарынан зардап шеккен 12 пәтерлі тұрғын үйді аралап көрді. Оқиға кезінде ғимаратта 7 адам болған. Барлығына уақытша баспана беріліп, қазіргі таңда олар туыстарының үйлерінде тұрып жатыр.
▪️Өңір басшысы оқиға орнын қарап шығып, тиісті қызметтерге төтенше жағдайдың салдарын жоюды, зардап шеккендерге барлық қажетті көмек көрсетуді және қалпына келтіру жұмыстарын жедел ұйымдастыруды тапсырды. Сондай-ақ тұрғын үй қалпына келтірілгенге дейін тұрғындарды уақытша орналастыру мәселесін қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берілді. Жарақат алған әйел адам ауруханада ем қабылдауда.
▪️Қазіргі уақытта оқиға орнында құқық қорғау органдарының қызметкерлері жұмысын жалғастыруда. Алдағы күндері зақымданған тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстары басталмақ. Оқиғаның себептері құзырлы органдармен анықталып жатыр.
Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі