
– Сіздерді Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – халқымыздың сан ғасырлық арманы орындалған күн. 1990 жылдың 25 қазанында қабылданған Декларация – еліміздің еркіндікке жасаған алғашқы нақты қадамы. Бүгінде біз әлемге тәуелсіз, бейбіт, біртұтас және дамушы мемлекет ретінде танылдық. Елдігіміз анықталып, шекарамыз белгіленді. Жарқын болашаққа сеніммен қадам басып келеміз. Бұл – бірлік пен парасаттың жеңісі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы Жолдауында ел дамуының жаңа басымдықтарын айқындады. Цифрлық даму, инвестиция тарту, экономиканы әртараптандыра отырып, шикізаттық сектордан терең өңдеуді дамытуды тапсырды. Мемлекеттік басқару, білім беру мен денсаулық сақтау жүйесін жасанды интеллект арқылы жаңғыртуды жүктеді. Сонымен бірге цифрлық технологияларды агроөнеркәсіп пен өңірлік экономикаға енгізу міндетін де жүктеп отыр. Осыған сәйкес Түркістан облысында да нақты шаралар қолға алынды. Біздің басты мақсатымыз – халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыру. Бүгінде Түркістан тек киелі шаһар ғана емес, стратегиялық маңызды өңірге айналды. Біздің алдымызда тұрған міндет – осы тарихи мүмкіндікті толық пайдаланып, Түркістанды тек облыс орталығы ғана емес, ел экономикасына серпін беретін аймаққа айналдыру. Бұл үшін біз бірлігімізді бекемдеп, елдік мүдде жолында жұмыла еңбек етуіміз қажет. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Түркістанымыз нұрлы болсын! – деді Нұралхан Оралбайұлы.