Жаңа Бюджет кодексіне ұлттық компаниялардан ел экономикасына дивидендтер төлеу мөлшері туралы норма енгізілді – Премьер-министр

Жаңа Бюджет кодексіне ұлттық компаниялардан ел экономикасына дивидендтер төлеу мөлшері туралы норма енгізілді – Премьер-министр
Мәжілістің жалпы отырысында ұлттық компаниялардан мемлекеттік бюджетке түсетін дивидендтерді қысқарту туралы қойған депутат сауалына жауап берген Премьер-министр Олжас Бектенов ұлттық компаниялар өңірлерде ірі инвестициялық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін қомақты қаржы бөліп жатқанын айтты. Ал бұл қаражаттардың жұмсалуының ашықтығына қатысты, бұл мәселе бүгінде қолданыстағы заңнамамен қамтамасыз етілгенін атап өтті.
«Ұлттық компаниялар жұмсайтын, яғни экономикаға құйылатын қаражаттың ашықтығы туралы мәселе барлық жағынан заңнамамен қамтамасыз етілген деп ойлаймыз. Өздеріңіз білетіндей, биыл қабылданған жаңа Бюджет кодексіне дивиденд төлеуден алынатын үлес әрбір ұлттық компаниядан кемінде 50 және 70%-ға дейін болуы тиіс деген норма енгізілген. Бұрын бұл норма жоқ еді. Бұл шектік меже Үкіметтің қаулысымен белгіленді. Біз мұны ашықтыққа, есеп беруге, ұлттық компаниялардың қаражатын жұмсауға Парламент тарапынан қадағалауды арттыруға жасалған елеулі қадам деп санаймыз.
Ұлттық компаниялардың иелігінде қалатын қаражаттар да, заңда белгіленген рәсімдерге сәйкес, ашық түрде жұмсалады – сатып алу ережелері бар және бұл ақпарат Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепке қоса беріледі. Мәжіліс депутаттары мен жұртшылықтың бұл ақпаратты зерделеуге, бақылауға, сауалдар қоюға және түзетулер енгізуге мүмкіндігі бар. Сіз айтып отырған нақты сомаларға келсек, шын мәнінде, бұл сома – мемлекеттік бюджетке түсетін дивидендтердегі айырмашылық, ол "Самұрық-Қазына" қоры есебінен қалыптасып отыр.
Мен бұл ретте бірқатар цифр келтіргім келеді. Қор, негізгі мемлекеттік даму институты ретінде, 53 трлн теңгеге бағаланатын өте ауқымды инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыруда. Бұл үлкен сома. Әрине, Қор осы инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру үшін өз қаражатын жұмсап қана қоймай, нарықтан да қарыз алуға мәжбүр, бұл қалыпты жағдай деп санаймыз.
"Самұрық-Қазына" қоры инвестициялық бағдарламадан бөлек еліміздің әр өңірінде бірқатар әлеуметтік жобаны жүзеге асыруда.
Мысалы, өңірлерде тек денсаулық сақтау нысандарын салудың өзіне 550 млрд теңге бағытталып отыр, ал еліміздің барлық өңірінде жалға берілетін тұрғын үй құрылысына 272 млрд теңге бөлінген.
Бұл дегеніміз – өте маңызды инвестициялар, сондықтан да мен айтқан факторларды ескере отырып, "Самұрық-Қазына" қорының дивидендтері бойынша қабылданған шешімдер бір негізге сүйенген және жан-жақты қарастырылған деп есептейміз», — деді Премьер-министр Олжас Бектенов.
Ұлттық экономика министрлігі: Республикалық бюджеттің меншікті кірістермен қамтамасыз етілуі 2025 жылғы 63,7%-дан 2028 жылы 83,5%-ға дейін өседі
Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин депутаттардың қарауына елдің 2026-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын енгізді.
Премьер-министрдің орынбасары базалық нұсқаға сәйкес, 2026 жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 5,4%-ды, 3 жылдағы орташа жылдық өсуі 5,3%-ды құрайтынын атап өтті. Номиналды жалпы ішкі өнім 2026 жылғы 183,8 трлн теңгеден 2028 жылы 229,8 трлн теңгеге дейін өседі. Экономиканың өсуі нақты сектор мен қызмет көрсету саласындағы өсудің есебінен қамтамасыз етіледі.
Қазақстанның өңдеу өнеркәсібінде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру есебінен өсу қарқыны 2026 жылғы 6,2%-дан 2028 жылы 6,6%-ға дейін ұлғаятыны болжанып отыр.
Үш жылдағы орташа өсім тау-кен өнеркәсібінде – 2,8%-ды, ауыл шаруашылығында – 3,9%-ды, құрылыста – 11%-ды, көлік қызметтерінде – 10,1%-ды, саудада – 6,7%-ды құрайды. Экспорт 2026 жылғы $77,1 млрд-тан 2028 жылы $83,7 млрд-қа дейін, импорт $67,7 млрд-тан $75,2 млрд-қа дейін өседі деп болжануда.
Бұл ретте инфляция болжамы 2026 жылы 9-11%, 2027-2028 жылдары орташа 6% деңгейінде айқындалған. Макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамы негізінде 2026-2028 жылдарға арналған бюджет пен Ұлттық қор параметрлерінің болжамы қалыптастырылды.
Серік Жұманғарин мемлекеттік қаржы параметрлерінің жай-күйі туралы баяндады. Қазақстанның салық-бюджет саясаты мемлекеттік қаржының орнықтылығы мен теңгерімділігін қамтамасыз етуге, бюджет тапшылығын азайтуға, сондай-ақ Ұлттық қор қаражатын өз қаражатымен алмастыруға бағытталғаны атап өтілді.
Бюджетті болжау бюджет қағидалары мен Мемлекеттік қаржыны басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында белгіленген нысаналы бағдарларға негізделген. ‎
Келтірілген мәліметтерге сәйкес, кірістер 2026 жылы 19,2 трлн теңге көлемінде немесе жалпы ішкі өнімге қатысты 10,5% деңгейінде болжануда. Осы жылдың бағалауымен салыстырғанда өсім 4,7 трлн теңгені құрап, 2028 жылға қарай 23,2 трлн теңгеге дейін немесе 20,8%-ға өседі деп күтілуде. Жалпы, республикалық бюджеттің меншікті кірістермен қамтамасыз етілуі 2025 жылғы 63,7%-дан 2028 жылы 83,5%-ға дейін өседі.
Премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт жыл сайын 2,7 трлн 770 млрд теңге мөлшерінде айқындалғанын хабарлады. 2026-2028 жылдары шығыстардың өсу қарқыны 108,7-109,3% деңгейінде тұрақтандырылды.
Республикалық бюджеттің шығыстары 2026 жылы 27,7 трлн теңгені немесе ЖІӨ-ге 15,1%-ды, 2027 жылы 28,8 трлн теңгені немесе ЖІӨ-ге 14,0%-ды, 2028 жылы 29,8 трлн теңгені немесе бюджеттік ережелерінде белгіленген лимиттер сақталған кезде ЖІӨ-ге 13,0%-ды құрайды.
Кірістер мен шығыстардың осындай көлемдерінде Ұлттық қордан нысаналы трансферт түрінде қосымша қаражат тарту қажет етілмейді, бюджет өзін-өзі қамтамасыз етеді», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Сондай-ақ фискалдық және мұнай емес тапшылықтардың мәндері 2026 жылы ЖІӨ-ге шаққанда 2,5% және 4,9% деңгейінде айқындалғаны, кейіннен 2028 жылы ЖІӨ-ге шаққанда 0,9% және 2,7%-ға дейін төмендеуі болжанып отырғаны атап өтілді. Осыны ескере отырып, Үкіметтің қарызы 2026 жылы ЖІӨ-ге 21,4% деңгейінде болады, 2028 жылы 19,6%-ға дейін төмендейді, бұл белгіленген ковенанттардан аспайды.