ТҮРКІСТАНДА «ҰЛТ РУХАНИЯТЫ ЖӘНЕ ЖӘНІБЕКОВ ТАҒЫЛЫМЫ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМЫ ӨТТІ

ТҮРКІСТАНДА «ҰЛТ РУХАНИЯТЫ ЖӘНЕ ЖӘНІБЕКОВ ТАҒЫЛЫМЫ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМЫ ӨТТІ
▪️Түркістан қаласындағы Оқушылар сарайында «Ұлттық құндылықтар академиясы» РҚБ-ның Түркістан облыстық филиалының ашылуына орай «Ұлт руханияты және Жәнібеков тағылымы» халықаралық форумы өтті.
▪️Форумның басты мақсаты – заманауи мүмкіндіктер мен сын-қатерлер тұсында ұлттық құндылықтардың танымдық және тағылымдық негізінде білім мен тәрбиенің біртұтастығын қамтамасыз ету, этностық жәдігерлерді, ұлт руханиятын және Өзбекәлі Жәнібек секілді тарихи тұлғалардың тағылымын дәріптеу.
▪️Жиынға Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және Қарақалпақстаннан келген ғалымдар, Ұлттық құндылықтар академиясының мүшелері, ақсақалдар алқасы, қалалық және облыстық мұражай орталықтары, қоғамдық ұйымдар мен жергілікті әкімдік өкілдері, ЖОО оқытушылары мен педагогтар қатысты.
▪️Ұлттық құндылықтар академиясының төрағасы, химия ғылымдарының кандидаты, Қазақстан ПҒА академигі Әділхан Төлегенұлы филиалдың Түркістанда ашылуы үлкен жауапкершілік екенін атап өтіп, ұлттық құндылықтарды насихаттау жолындағы еңбектеріне табыс тіледі.
▪️Форум аясында ұлттық құндылықтар тақырыбындағы оқу-танымдық әдебиеттер көрмесі мен қолөнершілер көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, академия мүшелігіне тіркеу куәліктері табысталды.
▪️«Ұлттық құндылықтар академиясы» Түркістан облыстық филиалының төрағасы Индира Икапова өз сөзінде: «Бұл форум білім мен тәрбиенің біртұтастығын сақтай отырып, ұлттық құндылықтарымыздың дамуына үлес қосатын маңызды алаң. Осындай шараларда жерлестеріміздің көптеп қатысуы және филиалдың Түркістан өңірінде ашылуы біз үшін үлкен қуаныш. Ұлттық мұрамызға үлес қосу жолында еңбек етеміз деп сенім білдіремін», – деді.
▪️Форум барысында баяндамашылар Өзбекәлі Жәнібеков және ұлттық құндылықтар тақырыбында тың идеялар мен ұсыныстарын ортаға салды. Шара білім мен тәрбиенің біртұтастығын нығайтып, тәжірибе алмасуға жол ашты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі