ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ САЙРАМ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ САЙЛАНДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ САЙРАМ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ САЙЛАНДЫ
▪️Түркістан облысында халықтың тікелей дауыс беруі арқылы Сайрам ауданының әкімі сайланды. Сайлау қорытындысына сәйкес, сайлаушылардың басым дауысын жинаған Мадияр Мұхтарұлы Оразалиев Сайрам ауданының әкімі болып сайланды.
▪️Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров аудан активімен өткен кездесуде жаңа әкімді таныстырып, Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес атқарылатын негізгі жұмыс бағыттарын атап өтті.
▪️Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Сәбит Реметовтің айтуынша, сайлау үдерісі заң талаптарына толық сай өтті. Барлық байқаушылар мен сенімді өкілдер тарапынан заңбұзушылықтар тіркелген жоқ. Сайлау қорытындысы бойынша Мадияр Мұхтарұлына ресми түрде әкім куәлігі табысталды.
▪️Облыс басшысы жаңа әкімге өңір экономикасын дамыту, жаңа өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту, халықты жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру, тұрғындардың әлеуметтік сұраныстарына жедел әрі сапалы жауап беру қажеттігін баса айтты.
📌– Сайрам – халық тығыз қоныстанған, әлеуеті жоғары аудан. Ендігі міндет – халық сенімін ақтап, өңірдің дамуына нақты серпін беру. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жергілікті әкімдерге жаңа талаптар қойып отыр. Ең бастысы – тұрғындардың мәселелерін уақтылы әрі тиімді шешу, тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау. Бұл бағытта бәріміз бірігіп жұмыс істеуіміз қажет, – деді облыс әкімі.
▪️Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында атап өткен стратегиялық бағыттарға ерекше тоқталды. Президенттің «Қазақстан үш жыл ішінде жаппай цифрлық елге айналуы тиіс» деген тапсырмасына сәйкес, цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізуге ерекше көңіл бөлінуі тиіс екенін жеткізді.
▪️Мадияр Мұхтарұлы 1986 жылы Сайрам ауданы, Қарасу ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары. 2008 ж. – М.Әуезов атындағы ОҚМУ – инженер-технолог, 2010 ж. – құқықтану, 2012 ж. – Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ – қаржы мамандығы.
▪️Еңбек жолын 2003 жылы газ саласында бастаған. 2009–2016 жылдары «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-да түрлі басшылық лауазымдар атқарған. 2016–2025 жылдар аралығында Сайрам және Қазығұрт аудандарында әкімнің орынбасары болып қызмет етті.
▪️Жаңа әкім өзіне сенім артқан тұрғындарға алғысын білдіріп, жүктелген жауапкершілікті абыроймен атқаруға уәде берді. Ауданның дамуы жолында бар мүмкіндікті пайдалана отырып, жұмыс жүргізетінін жеткізді.
▪️Сайрам ауданының әлеуеті жоғары. 241 мыңнан астам халқы бар өңірде жүйелі жоспарлар мен нақты жобаларды жүзеге асыру – басты міндет.
▪️Айта кетейік, 2025 жылдан бастап аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері тікелей сайлау жүйесі арқылы халық дауысымен қызметке келеді. Тікелей сайлау жүйесі саяси реформалардың ашықтығы мен бәсекелестігін арттырады. Бүгінге дейін Түркістан облысының Бәйдібек, Мақтаарал, Созақ және Шардара аудандарында өткен пилоттық сайлаулар сәтті аяқталды. Осы тәжірибе негізінде Сайрам ауданында да демократиялық негізде әкім сайлауы өтті.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі