ТҮРКІСТАН: ОРТАЛЫҚ АЗИЯ – КОРЕЯ ІІ ФОРУМЫНДА ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ЖАҢА БАҒЫТТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ТҮРКІСТАН: ОРТАЛЫҚ АЗИЯ – КОРЕЯ ІІ ФОРУМЫНДА ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ЖАҢА БАҒЫТТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
✔️Түркістан қаласында «Түркістан – Ұлы Жібек жолындағы халықаралық ынтамақтастық орталығы» тақырыбында жергілікті өзін-өзі басқару органдарының Орталық Азия – Корея екінші ынтымақтастық форумы өтті. Маңызды шараға Корея және Орта Азия елдерінің, сондай-ақ еліміздің өзге өңірлерінің делегациясы қатысты.
✔️Сессия отырысын Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров ашып, өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін жан-жақты таныстырды.
✔️Форум аясында «Түркістан – Жібек жолы бойындағы халықаралық ынтымақтастықтың орталығы», «Тұрақты халықаралық ынтымақтастықтың негізі ретіндегі жергілікті дипломатия», «Өңірлердің инвестициялық және экономикалық әлеуеті», «Аграрлық ынтымақтастық», «Туризм», «Білім беру және кадрлық алмасу, жаңа буын басшыларын дайындау» тақырыптарында сессиялар өтті. Онда облыс әкімінің орынбасарлары өздері жетекшілік ететін салалар бойынша Түркістан өңірінің мүмкіндіктерін жан-жақты таныстырды. Сонымен қатар Корея және Орталық Азия өңірлерінің таныстырылымы өтті.
✔️Басқосуда стратегиялық әріптестікті нығайтудағы өңірлердің рөлі, бірлескен кәсіпорындар құру әлеуеті, агроөнеркәсіптік кластерлерді және тұрақты жеткізу тізбектерін дамыту, кореялық технологияларды суару, агроцифрландыру және логистика саласында қолдану, Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау әлеуеті кеңінен қозғалды. Сонымен қатар туризм, өңірлік бренд қалыптастыру, туристік маршруттарды интеграциялау және цифрлық маркетинг, мемлекеттік қызметшілерге арналған өңіраралық тағылымдамалар мен оқыту бағдарламалары, бірлескен университеттік бағдарламалар, өңірлерде ғылыми-зерттеуді дамыту және өзге де маңызды мәселелер жан-жақты талқыланып, ұсыныстар айтылды.
✔️Осы күні делегация мүшелері «Woosong University Kazakhstan» жоғарғы оқу орнында болып, жұмысымен танысты. Сонымен қатар университет ғимаратында G2B форматында кездесу ұйымдастырылды.
✔️Сондай-ақ, шет мемлекеттер мен өзге облыстардан келген делегация Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығын және инвестициялық алаңдарын аралап, жұмысын бақылады.
✔️Айта кетейік, алғашқы «Орталық Азия – Корея» форумы былтыр Корея Республикасында өткен болатын. Бүгінгі кездесу осы маңызды миссияның жалғасы.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі