ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІ ТАЗА АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСАДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІ ТАЗА АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСАДЫ
✔️Түркістан облысының тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту шаралары ұдайы жалғасып келеді. Өткен жылы Республика көлемінде ауыз сумен қамту деңгейі сараланып, нәтижесінде Түркістан облысындағы қалалардың ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 100%-ды құрады. Сонымен бірге инфрақұрылымды дамыту мақсатында 66 нысанның құрылысына бюджеттен қажетті қаржы қаралып, биыл 38 су құбыры іске қосылса, қалған 28 нысанның құрылыс жұмыстары 2026 жылға өтпелі.
✔️Индикаторға енгізілген 30 елді мекеннің су құбырлары жаңартылып, тозығы жеткен желілер қайта жөндеуден өтеді. Бұл бағытта арнайы мониторингтік топ құрылып, барлау жұмыстары жалғасып келеді. Өңірдегі елді мекендерді ауыз сумен қамту жұмыстары 98,1 пайызды құрайды. Ауыз су мәселесі мен өзге де әлеуметтік маңызы бар түйткілдер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің жіті бақылауында.
✔️Облысқа қарасты Арыс, Шардара, Леңгір, Сарыағаш қалаларында түйткілдер анықталып, қазіргі таңда мәселені шешу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, Арыс қаласындағы ауыз су станциясы арқылы 9 825 абонентке су жеткізіліп отыр. Мұнда суды тұндыру, хлорлау және залалсыздандыру шаралары жүргізіліп, тұрғындарға санитарлық талаптарға сай ауыз су берілуде.
✔️Ал «Шардара сервис» су қоймасынан 6 520 абонентке ауыз су тарайды. Ауданда сапалы су тарату жағынан мәселелер туындаған, жауапты мамандар дер кезінде шешім қабылдап, бүгінде су жеткізу деңгейі тұрақталған. Өңірде ауыз су мәселесін түбегейлі шешу мақсатында «Шардара топтық су құбырын салу» жобасы қолға алынып, нысанның құрылысына қажетті қаржы қаралды. Нысанның құрылыс жұмыстарын «Алтынконстракшн» ЖШС мердігер мекемесі жүргізуде. Жоба келесі жылы толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Техникалық кеңесте «Тама» су кен орнынан келетін су көлемін арттыру мүмкіндіктері талқыланды.
✔️Леңгір қаласының ашық су көзі «Көктерек» водозаборын жөндеу және қосымша 4 ұңғыманы бұрғылау жұмыстары жүргізілуде. Жалпы Леңгір қаласында 7 477, абонент бар. Су жеткізуші мекеме – «Леңгір су» МКК. Сондай-ақ, Сарыағаш қаласындағы абонент саны 10 242. Мұндағы ауыз су «Сарыағаш» топтасқан су жүйесінен алынады. Су құбыры елді мекендерді тәулік бойы ауыз сумен қамтиды. Каналдан құятын су көлемінің төмендеуіне байланысты 1-ші кезекті Р-1 каналынан магистралды су құбырының құрылысы жүргізіліп жатыр. Нысан құрылысын биыл аяқтап, пайдалануға тапсыру жұмыстары қаралуда. Су тазарту станциясының 2-ші кезеңі бойынша жоба әзірленіп, мемлекеттік сараптама қарауына ұсынылған-ды. Жалпы облыста ауыз сумен жабдықтау қызметтерімен 17 су беруші мекеме айналысады. Барлау нәтижесіне сәйкес, облыста су құбырымен қамтылған 756 елді мекен анықталды. Соның ішінде 165 елді мекен жер үсті суларымен қамтылса, 591 елді мекен жер асты су көзімен қамтылған. Оның 548-іне тәулік бойы су берілсе, 192 елді мекенге ауыз су кестемен жетеді. Ал 16 ауылда су жүйесі уақытша тоқтаған. Ауыз су кестемен берілетін аймақтарда бірқатар кемшіліктер анықталып, бұл бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
✔️Бүгінде елді мекендерді ауыз сумен толық қамту мақсатында арнайы штаб отырыстары жалғасып, мердігер мекемелермен келісім-шарт орнатылып, құрылыс жұмыстарының мерзімі мен сапасына ерекше назар аударылуда.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі