
– Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру - тек экономикалық емес, стратегиялық маңызы бар мәселе. Жастарды нақты өндіріске, заманауи зауыт-фабрикаларға тарту арқылы біз өңірдің тұрақты дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеміз. Мемлекет басшысының жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» - бұл еңбек адамына құрмет пен қолдау, халқы тығыз орналасқан біздің өңіріміз үшін аса маңызды. Барлық іс-шара есеп үшін емес, нақты нәтиже беретін сапалы көрсеткіш пен адам тағдыры үшін жасалуы қажет. Зауыттар мен фабрикалар ашылып жатыр. Бірақ шетел инвесторлары әлі де маман таппай, сырттан шақыруға мәжбүр. Бұл мәселені шешу үшін жастарды өндірістік орындарға апарып, нақты еңбекпен таныстыру қажет. Жұмысшы болу – бұл ауыр жұмыс емес, абыройлы еңбек. Елдің экономикасы – осы мамандық иелерінің қолында. Біз заманауи кәсіпорындар ашып қана қоймай, сол кәсіпорынға нағыз маман керек екенін ұмытпауымыз керек. Экскурсиялар, тәжірибе, дуалды білім беру – осының бәрі жүйелі түрде жүруі тиіс. Жастарымыз шетелден емес, өз елімізден, өз өңірімізден орын тапса – міне, нағыз жеңіс сол! – деді Нұралхан Көшеров.