
– Қытай – Қазақстан экономикасына тартылған тікелей инвестиция көлемі бойынша ТОП-5 елдің қатарында. Бұл сенімді серіктестік Түркістан өңірінде де айқын көрініс табуда. Бүгінде облыс аумағында жалпы сомасы 125,8 млн АҚШ долларын құрайтын Қытай капиталының қатысуымен бес ірі жоба жүзеге асырылды. Олардың қатарында 50 МВт күн электр станциясы, түйе сүті ұнтағын өндіру зауыты, ПЭТ қалдықтарын қайта өңдеу зауыты, мақта өңдеу зауыты мен алюминий бұйымдарын шығаратын зауыт бар. Сонымен қатар, жалпы құны 607 млн АҚШ долларын құрайтын жаңа инвестициялық жоба іске асырылу сатысында. Айрықша атап өтетін жоба – Lihua Group компаниясының қатысуымен жүзеге асырылатын текстиль кластері, бұл жоба 270 млн АҚШ долларын құрайды және мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашады. Бүгінгі серіктестігіміз – өткен жылы Қытай Халық Республикасына жасаған іссапарымыз барысында Сіздермен өткізілген кездесудің нақты нәтижесі. Сол сапар аясында бірқатар өзекті жобалар талқыланып, өзара ынтымақтастықтың берік негізі қаланған болатын. Осы бастама өз жалғасын тауып, екі жаққа да тиімді нақты нәтижелерге жеткізетін берекелі серіктестікке айналады деп сенеміз, - деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.