
– Бұл кездесу – өңіріміздегі кәсіби білім беру жүйесін жаңа сапаға бағыттайтын маңызды қадам. Президентіміздің 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануына байланысты облыста жүйелі шаралар атқарылуда. Колледждер мен өндіріс орындарының арасындағы тікелей байланыс орнатылып, өңір білікті жұмысшы күшіне, ал кәсіпорын қажетті кадрға қол жеткізуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Жолдауында «Еңбек адамы – еліміздің тірегі. Бізге нақты кәсіби маман қажет. Жастар бір мамандықтың қыр-сырын терең меңгеруге ұмтылуы тиіс» деп атап өтті. Осы мақсатта биыл облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына 15 500 мемлекеттік тапсырыс бөлінді. Оның 9 500-і жұмысшы мамандықтарға бағытталып отыр. Сол себепті, өңіріміздің 50 колледжді заманауи өндіріс талаптарына бейімдей отырып, дуалды оқыту жүйесін кең көлемде енгізіп жатырмыз. Соның жарқын мысалы ретінде Түркістан индустриялық аймағында орналасқан «BNK group» және «Жасыл-Суық» компанияларын атап өткім келеді. Бұл кәсіпорындар колледждермен тығыз серіктестік орнатып, электрмонтер, дәнекерлеуші, электрик, техник-оператор сияқты сұранысқа ие мамандықтар бойынша студенттерді жұмысқа қабылдауда. Осы орайда, «Самұрық-Қазына» қорының құрамдас компаниялары тарапынан студенттерді өндірістік тәжірибеден өткізуге және әрі қарай жұмысқа орналастыруға бағытталған қадамдарын жоғары бағалаймыз. Сіздермен бірлескен жұмыстың нәтижесінде облыс аймағында кәсіби кадр даярлау ісін жаңа деңгейге көтереміз деп сенемін. Бұл – жастардың бәсекеге қабілетті болуына және олардың тұрақты жұмыспен қамтылуына бағытталған қадам, – деген Нұралхан Оралбайұлы колледждер мен кәсіпорындар арасындағы байланысты одан әрі күшейтуге әкімдік тарапынан толық қолдау болатынын айтты.