
– Құрметті құрылысшылар, сала ардагерлері! Баршаңызды Құрылысшылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Құрылыс саласы ел экономикасының негізгі драйвері екені баршаңызға мәлім. Салаға үлесін қосқан әрбір азамат –мемлекетіміздің маңызды қозғаушы күштерінің бір бөлшегі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен «Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы» атағының мемлекеттік наградаға қайта теңестірілуі – Сіздердің еңбектеріңіздің жоғары бағалануының айқын айғағы. Бұл – еңбек адамына деген шынайы құрметтің белгісі. Облысты дамытуда құрылысшылардың қосқан үлестері ерекше. Өздеріңіздің тікелей атсалысуларыңызбен 7 жылда Түркістанның жаңа келбеті қалыптасты. Бұдан бөлек, барлық аудан, қалаларда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп, инфрақұрылым күнен-күнге жақсаруда. Өңірімізде биылғы 6 айда құрылыс жұмыстарының көлемі 230 млрд. теңгені құрап, жоспар 125%-ға орындалса, пайдалануға тапсырылған тұрғын үйлер көлемі 432,4 мың шаршы метрді құрап, өсім 118% деңгейінде қалыптасты. Түркістан облысы құрылғалы бері соңғы 7 жылда тұрғын үйге мұқтаж 16 925 отбасы баспаналы болды. Құрылысшы – маңызды және аса жауапты мамандық. Құрылыс нысандарын салу – терең білім мен асқан шеберлікті талап етеді. Осы орайда, елге деген адал еңбектеріңіз үшін сіздерге шынайы алғысымды білдіремін! Баршаңызды кәсіби мерекемен құттықтай отырып, зор денсаулық, жұмыстарыңызға табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Еңбектеріңіз жемісті, мереке құтты болсын! – деген Зұлпыхар Жолдасов сала ардагерлері мен үздіктеріне мемлекеттік марапаттарды тапсырды.