
– Форум – азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы ашық диалогтың, сенім мен серіктестіктің жарқын үлгісі. Облыс аумағында 700-ге жуық үкіметтік емес ұйым тіркелген. Олардың 33,4 %-ы қалаларда болса, 66,6 %-ы аудандарда орналасқан. Қазіргі таңда үкіметтік емес ұйымдар азаматтық қоғамды дамыту бағыттарында жұмыстар атқаруда. Бұл – қоғам институттардың дамып, күшейіп келе жатқанының айқын дәлелі. Облыс әкімдігінің тиісті салалық басқармалары, аудан, қала әкімдіктері мен үкіметтік емес ұйымдар арасында жүйелі әріптестік орнап келеді. Мемлекет басшысының қолдауымен жыл сайын үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік қолдау қаржысының көлемі арта түсуде. Атқарушы билік пен тұтас елдің, үкіметтік емес ұйымдардың бірлескен жұмысы арқылы облыс экономикасы жоғары қарқынмен дамып келеді. Түркістан облысы қысқа мерзімді экономикалық индикатор бойынша екі ай қатарынан үздік көрсеткіш көрсетуде. Биылғы жылдың 6 айының қорытындысымен өсім 118%-ды құрап, республика көлемінде көшбасшылықты сақтап қалды. Өнеркәсіп өнім көлемі 723,3 млрд. теңгені құрап, 13,5%-ға артты. Облыс экономикасының негізгі саласы болып саналатын ауыл шаруашылығында өнім көлемі 253,9 млрд теңгені құрап, өсім 104,7% деңгейінде орын алды. Өндірілген өнім бойынша республикада көшбасшымыз, – деді Ертай Кенжебекұлы.