
Биыл Кентау қаласында жалпы 16 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Жоба толық іске қосылса, 492 жаңа жұмыс орны құрылады. Атап айтқанда, өнеркәсіп саласы бойынша нақты 4 жоба құрылып, 310 тұрақты жұмыс көзі ашылады деп күтілуде. Ондағы 2 жоба арнайы экономикалық аймақта орналасса, қалған 2 жоба индустриалды аймақта жүзеге асады. Мұндағы мақсат – тұрғындарды жұмыспен қамту, өңірдің өндіріс көлемін арттыра отырып, экономикалық дамыған аймаққа айналу. Сонымен бірге «TURAN SHENHUA» ЖШС газ қазандықтары мен тұрмыстық техникаларын өндіру жобасы жоспарда бар. Кәсіпорын 120 адамды жұмыспен қамтымақ. Құрылыс жұмыстары биылғы қараша айында аяқталады, жобалық-сметалық құны 2,4 млрд. теңгені құрайды. Кентау индустриалды аймағында «АйдарСтройГрупп» ЖШС металл бұйымдарының өндірісі қолға алынады. Мұнда 50 тұрақты жұмыс орны ашылады, құрылыс жұмыстары биыл аяқталып, қолданысқа беріледі деп күтілуде.