Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы жүргізіліп, құрылыс сапасы қатаң бақылауға алынған.
Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев Мақтаарал және Жетісай аудандарына жұмыс сапарымен барып, аудандарда салынып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылыс барысын бақылады. Мердігер мекемелердің басшыларымен жүздесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Алдымен Мақтаарал ауданында болып, Атакент кентінде бой көтеріп жатқан 1500 орындық жаңа мектептің құрылыс жұмыстарын тексерді. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан мектеп құрылысы 2023 жылы басталған, биыл жаңа оқу жылында пайдалануға беру көзделуде. 4 гектар аумақты алып жатқан мектеп ғимаратының жалпы көлемі – 14 710 шаршы метр. Нысанның инженерлік инфрақұрылымы толығымен жүргізілген, жол салынып, интернет желісі толық тартылған. Қазіргі уақытта ішкі әрлеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл мектепте оқушылардың сапалы білім алуы үшін, қауіпсіздігі мен қолайлылығы үшін барлық жағдай қарастырылған.
Ауданға жұмыс сапары барысында аппарат басшысы Бірлік ауылдық округіне қарасты Еркінабад елді мекеніндегі 200 орынға арналған №113 мектептің құрылысымен танысты. Жоба құны – 1,2 миллиард теңге. Мектептің жалпы аумағы – 1844,34 шаршы метр, ал жер телімі – 1,7 гектар. Одан соң Жаңажол ауылдық округіне қарасты Нұрлыжол елді мекеніндегі 200 орындық «Нұрлы жол» мектебінің құрылыс жұмыстарын тексерді. Бұл мектептер шалғай елді мекендердегі оқушылардың білімге қолжетімділігін арттыруда маңызды рөл атқарады. Жалпы, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Мақтаарал ауданында 5 мектептің құрылысы жоспарланған. Бүгінде 2 мектептің құрылысы жүріп жатыр және биыл пайдалануға тапсырылмақ. Қалған 3 мектеп осы жылы Облыстық білім басқармасы тарапынан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы іске асырылады.
Облыс әкімі аппаратының басшысы мәдени нысандарды да аралап, жұмыстарды пысықтады. Ол Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіндегі Ынталы елді мекенінде және Достық ауылдық округі Ж.Қалшораев елді мекенінде салынып жатқан Мәдениет үйілері мен кітапханалардың құрылысымен танысты. Ғимараттарды биыл пайдалануға тапсыру жоспарланған.
Еркебұлан Дауылбаев жауапты сала басшылары мен мердігерлерге құрылыс сапасына ерекше мән беруді, жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды және құрылыс барысында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды тапсырды.
Іссапар Жетісай ауданында жалғасты. Алдымен, Жетісай қаласының аумағын ұлғайтуға бөлінген 80 гектар аумағында болып, 5 қабатты 3 тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Нысанның алғаш қазығы 2019 жылы қағылғанымен, құрылыс материалдарының қымбаттауы салдарынан құрылыс жұмыстары тоқтап қалған болатын. Нысан қайта қаржыландырылып, жұмыстарды толық аяқтауды «Turan Energo group» ЖШС қолына алған. Бүгінде мекеме тарапынан өндірістік кестеге сәйкес жұмыстар жүргізілуде. Жыл соңына дейін 5 қабатты 60 пәтерлі 2 тұрғын үй және 5 қабатты 20 пәтерлі бір тұрғын үй ел игілігіне тапсырылады деп жоспарлануда.
1500 орындық «Келешек мектеп» пен Жаңа буынды дамыту орталығының (оқушылар сарайының) құрылыс алаңдары да тексерілді. Білім ұясын биыл падалануға беру жоспарлануда. Бүгінде мектептің негізгі құрылыс жұмыстары аяқталған. Заманауи пәндік кабинеттермен, оның ішінде робототехника, кең жолақты интернет, жаңа модификацияланған кабинеттермен жабдықталатын мектепте оқушылардың сапалы білім алуларына толық жағдай жасалады. Ал, ауданда алғаш бой көтеріп жатқан жаңа буынды дамыту орталығының құрылысы келесі жылдың соңына дейін аяқталмақ. «Real Stroy Invest» ЖШС өкілдерінің мәліметінше, мұнда оқушылардың бос уақыттарын тиімді өткізулері үшін түрлі спорт және өнер, пәндік және балалардың ой-өрісін дамытатын логикалық үйірмелер жұмыс істейтін болады.
Сонымен қатар, Жетісай ауданына жасаған іссапары барысында аппарат басшысы Ж.Ералиев ауылдық округінің Бәйтерек елді мекенінде құрылысы жүріп жатқан дәрігерлік амбулаторияда болды. Денсаулық сақтау нысаны биыл қыркүйек айында қолданысқа беріледі. Амбулатория заманауи үлгіге медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталады.
Нысандарды аралап, мердігерлер мен жауапты сала басшыларымен кездескен Еркебұлан Дауылбаев жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына сапалы материалды қолдануды ескертіп, мемлекеттен бөлінген қаржының тиімді жұмсалуы қатаң бақылауда екенін айтты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі