
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында Шаньдун провинциясындағы бірқатар ірі ауыл шаруашылығы және азық-түлік өңдеу кәсіпорындарымен келіссөздер жүргізді. Сапар мақсаты – Президент тапсырмасына сәйкес шетелдік тікелей инвестицияларды тарту, ауыл шаруашылығы саласында бірлескен жобаларды іске асыру және облыстың экспорттық әлеуетін арттыру. Делегация Циндао қаласында орналасқан «Wanlin Group» тобының құрамындағы компанияның өндіріс алаңында болды. Кәсіпорын мұздатылған сарымсақ, пияз, сәбіз секілді көкөніс түрлерін өндіруге маманданған және жылына 8000 тоннадан астам өнім шығарады. Халықаралық нарықта атақты KFC, Nestlé сияқты алпауыт брендтерге өнім жеткізіп, АҚШ-қа жыл сайын 50 млн доллар көлемінде экспорт жасайды.