
– Құрметті балалар! Сіздерді 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Балалар – біздің өміріміздің мәні. Сондықтан олардың бақытты балалық шағына бәріміз жауаптымыз. Оқушылардың қауіпсіз ортасы, сапалы білімі мен тәрбиесі – біздің басты назарымызда болуы тиіс. Қазіргі таңда облысымызда да бала құқығын қорғау, денсаулығын нығайту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жаңа білім ордалары бой көтеріп, шығармашылық пен спорттық орталықтар ашылып жатыр. Биыл облыста 1093 мектепте 553 мыңнан астам оқушы білім алды. Мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыс аясында 40 мыңға жуық оқушы тегін спорт, өнер үйірмелерімен қамтылуда. Сонымен бірге, мүмкіндігі шектеулі 15 мыңнан астам балаға қолдау көрсетеміз. Жаз айларында 31 жазғы сауықтыру лагері 43 мыңнан астам балаға қызмет көрсетеді. Сондай ақ бюджеттен қаржы қаралып, жаңа 52 модулді лагер соғылып, қосымша 7500 баланы қамтуға жағдай жасалуда. Сіздер – туған еліміздің болашағысыздар. Армандарыңыз асқақ болсын. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, береке тілеймін! – деген Нұралхан Көшеров білім және өзге де салаларда жетістікке жеткен 20 оқушыға алғысхат пен 100 мың теңгенің сертификатын тапсырды.