
– Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына Жолдауында есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күресу маңызды міндет екенін атап өтті. Есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы, болашақ ұрпақтың әл-ауқатына қауіп төндіретіні анық. Облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлының тапсырмасына сәйкес аймақта есірткіге қарсы күрес, жастарды қолдау жұмыстары жалғасуда. Ал бүгін Түркістан облысында «Есірткісіз болашақ!» ұранымен нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы айлық іс-шарасы басталды. Облыс жастары мен балалар арасында есірткіге қарсы иммунитетті және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатындағы бұл іс-шараның маңыздылығы ерекше. Өңірде облыс әкімдігі мен құзырлы мекемелердің іс-шаралар жоспары бекітілген. Бір ай бойы нашақорлыққа қарсы күресті күшейту, оның алдын алу бағытында іс-шаралар, акциялар өтеді. Жастарымыз саламатты өмір салтын ұстанып, тұтас қоғам сергек болулары тиіс. Құрметті жастар! Ел болашағы Сіздердің қолдарыңызда. Жаман әдеттен аулақ болып, білімге, спортқа, өнерге бет бұрыңыздар. Баршаңызды саламатты өмір салтын ұстанып, Қазақстанды, Түркістанды дамытуға шақырамын! – деді Бейсенбай Тәжібаев.