Биыл Түркістан облысы, Ордабасы ауданы бойынша жалпы 37362 оқушы білім алса, олардың 2210-ы – мектеп бітіруші түлектер. Түлектердің 136-сы – «Алтын белгі», 194-і «Үздік аттестат» үміткерлері.
Аудан әкімі Азат Оралбаев Шоқан Уалиханов атындағы мектеп-гимназиясына арнайы барып, мектеп түлектерін, ұстаздарды, оқушыларды оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтады. Ұлттық бірыңғай тестілеуден ең жоғары 140 ұпай жинап, рекорд орнатқан Жәнібек Әбілхан осы мектепте білім алғанын атап өтіп, ұстаздарына алғысын білдірді.
Мерекелік жиын барысында білім беру саласының өркендеуі жолында адал қызмет етіп, жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде елеулі жетістіктерге қол жеткізген бірқатар азаматтар аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Іс-шарада Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың шешімімен білім саласындағы жоғары нәтижелері үшін Шоқан Уалиханов атындағы мектеп-гимназиясы республикадағы үздік 100 мектептің қатарына енгені жарияланды. Мектеп ұжымына министрдің арнайы алғысхаты тапсырылды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі