Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов Жаңабазар ауылы округіне қарасты Жаңаталап елді мекенінде орналасқан «Әбдікерім Бектаев» атындағы жалпы білім беретін мектебінде өткен «Мектебім саған мың алғыс» атты соңғы қоңырау салтанатты шарасына арнайы қатысып, ұлағатты ұстаздарға алғысын білдіріп, мектеп бітіруші түлектерге сәт-сапар тіледі.
Сонымен қатар аудан әкімі мектеп жанынан ашылған шахмат және робототехника тағы басқа ғылыми бағытта ашылған үйірмелер жұмысымен танысып, оқушылардың осы бағыттағы жетістіктеріне оң бағасын берді.
Әбдікерім Бектаев атындағы мектеп — сапалы білім мен тәрбие беріп келе жатқан үлгілі оқу ордасы. Мектеп ұжымы жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, заманауи талаптарға сай жан-жақты тұлға етіп тәрбиелеу жолында жемісті еңбек етуде.
Айта кетейік, 2024–2025 оқу жылының қорытындысы бойынша Қазығұрт ауданында 1892 оқушы 11-сыныпты аяқтап отыр. Оның ішінде 106 оқушы «Алтын белгіге», 134 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер атанды.
Бүгін аудан мектептерінде соңғы қоңырау салтанатты түрде соғылып, мектеп бітіруші түлектерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ 1-11 сынып оқушылары үшін «Білімім – Отаныма» атты бірыңғай сынып сағаты өткізілуде. Бұл оқушылардың жыл бойғы алған білімін қорытындылайды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі