
– Сіздерді түркі әлемінің рухани астанасы – қасиетті Түркістан төрінде қарсы алу біз үшін үлкен мәртебе. Бұл форум – тек ақпарат алмасу ғана емес, еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі мен технологиялық болашағына қатысты маңызды бастамалар тоғысатын стратегиялық диалог алаңы. Түркістан – қауіпсіздік пен цифрлық дамудың жаңа орталығы. Қаламыз бүгінде инновация мен қауіпсіздік қатар дамып отырған өңірлік хабқа айналып келеді. Біздің мақсат – Түркістанды жоғары технологиялар мен ақпараттық қауіпсіздік бойынша үлгілі аймаққа айналдыру. Осы бағытта цифрландыру, кадр даярлау, халықаралық серіктестік, инфрақұрылымдық және технологиялық жобалар қатар іске асуда. Ақпараттық қауіпсіздік – біздің басты назарымызда. Облыс бойынша желіаралық экрандар (firewall), антивирустық бағдарламалар, серверлік қауіпсіздік жүйелері енгізілген. «Cyber Quryltai» – Түркістан облысының цифрлық және киберқауіпсіздік саласындағы жаңа бетбұрысының бастауы. Бүгінгі форумда ұсынылатын идеялар мен бастамалар өңіріміздің қауіпсіз әрі технологиялық болашағын айқындауға септігін тигізеді деп сенемін, – деген Еркебұлан Дауылбаев бірлесе жұмыс істеуге, тәжірибе алмасуға және жаңа жобаларда әріптестік орнатуға дайын екенін жеткізді.