Меню
Страницы
Баспасөз орталығы
Қызметі
Әкім аппараты
Құжаттар
Байланыс ақпараты
Онлайн қабылдау
Все материалы
13 июня 2025
ТҮРКІСТАН: АППАРАТ БАСШЫСЫ МАҚТААРАЛ ЖӘНЕ ЖЕТІСАЙ АУДАНДАРЫНДАҒЫ ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫН АРАЛАДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы жүргізіліп, құрылыс сапасы қатаң бақылауға алынған.
Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев Мақтаарал және Жетісай аудандарына жұмыс сапарымен барып, аудандарда салынып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылыс барысын бақылады. Мердігер мекемелердің басшыларымен жүздесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Алдымен Мақтаарал ауданында болып, Атакент кентінде бой көтеріп жатқан 1500 орындық жаңа мектептің құрылыс жұмыстарын тексерді. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан мектеп құрылысы 2023 жылы басталған, биыл жаңа оқу жылында пайдалануға беру көзделуде. 4 гектар аумақты алып жатқан мектеп ғимаратының жалпы көлемі – 14 710 шаршы метр. Нысанның инженерлік инфрақұрылымы толығымен жүргізілген, жол салынып, интернет желісі толық тартылған. Қазіргі уақытта ішкі әрлеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл мектепте оқушылардың сапалы білім алуы үшін, қауіпсіздігі мен қолайлылығы үшін барлық жағдай қарастырылған.
Ауданға жұмыс сапары барысында аппарат басшысы Бірлік ауылдық округіне қарасты Еркінабад елді мекеніндегі 200 орынға арналған №113 мектептің құрылысымен танысты. Жоба құны – 1,2 миллиард теңге. Мектептің жалпы аумағы – 1844,34 шаршы метр, ал жер телімі – 1,7 гектар. Одан соң Жаңажол ауылдық округіне қарасты Нұрлыжол елді мекеніндегі 200 орындық «Нұрлы жол» мектебінің құрылыс жұмыстарын тексерді. Бұл мектептер шалғай елді мекендердегі оқушылардың білімге қолжетімділігін арттыруда маңызды рөл атқарады. Жалпы, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Мақтаарал ауданында 5 мектептің құрылысы жоспарланған. Бүгінде 2 мектептің құрылысы жүріп жатыр және биыл пайдалануға тапсырылмақ. Қалған 3 мектеп осы жылы Облыстық білім басқармасы тарапынан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы іске асырылады.
Облыс әкімі аппаратының басшысы мәдени нысандарды да аралап, жұмыстарды пысықтады. Ол Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіндегі Ынталы елді мекенінде және Достық ауылдық округі Ж.Қалшораев елді мекенінде салынып жатқан Мәдениет үйілері мен кітапханалардың құрылысымен танысты. Ғимараттарды биыл пайдалануға тапсыру жоспарланған.
Еркебұлан Дауылбаев жауапты сала басшылары мен мердігерлерге құрылыс сапасына ерекше мән беруді, жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды және құрылыс барысында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды тапсырды.
Іссапар Жетісай ауданында жалғасты. Алдымен, Жетісай қаласының аумағын ұлғайтуға бөлінген 80 гектар аумағында болып, 5 қабатты 3 тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Нысанның алғаш қазығы 2019 жылы қағылғанымен, құрылыс материалдарының қымбаттауы салдарынан құрылыс жұмыстары тоқтап қалған болатын. Нысан қайта қаржыландырылып, жұмыстарды толық аяқтауды «Turan Energo group» ЖШС қолына алған. Бүгінде мекеме тарапынан өндірістік кестеге сәйкес жұмыстар жүргізілуде. Жыл соңына дейін 5 қабатты 60 пәтерлі 2 тұрғын үй және 5 қабатты 20 пәтерлі бір тұрғын үй ел игілігіне тапсырылады деп жоспарлануда.
1500 орындық «Келешек мектеп» пен Жаңа буынды дамыту орталығының (оқушылар сарайының) құрылыс алаңдары да тексерілді. Білім ұясын биыл падалануға беру жоспарлануда. Бүгінде мектептің негізгі құрылыс жұмыстары аяқталған. Заманауи пәндік кабинеттермен, оның ішінде робототехника, кең жолақты интернет, жаңа модификацияланған кабинеттермен жабдықталатын мектепте оқушылардың сапалы білім алуларына толық жағдай жасалады. Ал, ауданда алғаш бой көтеріп жатқан жаңа буынды дамыту орталығының құрылысы келесі жылдың соңына дейін аяқталмақ. «Real Stroy Invest» ЖШС өкілдерінің мәліметінше, мұнда оқушылардың бос уақыттарын тиімді өткізулері үшін түрлі спорт және өнер, пәндік және балалардың ой-өрісін дамытатын логикалық үйірмелер жұмыс істейтін болады.
Сонымен қатар, Жетісай ауданына жасаған іссапары барысында аппарат басшысы Ж.Ералиев ауылдық округінің Бәйтерек елді мекенінде құрылысы жүріп жатқан дәрігерлік амбулаторияда болды. Денсаулық сақтау нысаны биыл қыркүйек айында қолданысқа беріледі. Амбулатория заманауи үлгіге медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталады.
Нысандарды аралап, мердігерлер мен жауапты сала басшыларымен кездескен Еркебұлан Дауылбаев жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына сапалы материалды қолдануды ескертіп, мемлекеттен бөлінген қаржының тиімді жұмсалуы қатаң бақылауда екенін айтты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
—-
13 июня 2025
Президент Түркі мемлекеттері Парламенттік ассамблеясына мүше елдер парламенттерінің спикерлерімен кездесті
Мемлекет басшысы мәртебелі меймандарға ілтипат білдіріп, бүгінгі жиынның мән-маңызы ерекше екенін айтты.
– Парламенттік Ассамблея – өте маңызды саяси құрылым. Қазақстан бұл Ұйымды барынша қолдайды. Мен өзім он жыл бойы Сенат Төрағасы ретінде жұмыс істедім, парламентаралық байланыстарға белсенді түрде қатыстым. Жалпы, Парламенттің жұмысын жақсы білемін, түсінемін. Қазір Парламенттік Ассамблея аясындағы бірлескен күш-жігеріміздің арқасында түркі ынтымақтастығы жылдан жылға нығайып келе жатыр. Бұл – өте жақсы үдеріс, себебі тұтас түркі жұртының халықаралық беделі мен ықпалы да арта түсуде. Ең бастысы, елдеріміздің арасында өзара жақындасуға деген талпыныс бар. Қазақстан алдағы уақытта да түбі бір түркі халықтарының жан-жақты ынтымақтастығын дамыта беруге мүдделі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент еліміз Парламенттік ассамблея ұсынған тың бастамаларды қолдайтынын айтып, түркі ықпалдастығына үлес қоса беруге дайын екенін мәлімдеді.
– Қазақстан – Түркі мемлекеттері ұйымының негізін қалаушылардың бірі. Бұл құрылым елдеріміздің экономикалық және мәдени-гуманитарлық дамуына ерекше ықпал етеді деп сенеміз. Оның әлеуетін халықтарымыздың ортақ мақсатына пайдаланған жөн деп санаймыз. Былтыр Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалық етті. «TURKTIME» ұранымен біз бірқатар маңызды жобаны жүзеге асырдық. Түркі ықпалдастығын тереңдетуге серпін беретін 100-ге жуық іс-шара ұйымдастырдық. Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Байрақты бәсеке Ұлы дала өркениетін жер-жаһанға танытты. Түркі әліпбиінің ортақ нұсқасы бекітілді. Мұны тарихи оқиға деуге болады, – деді Мемлекет басшысы.
13 июня 2025
ҚЫТАЙ САПАРЫ: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ МЕН ШАНЬДУН ПРОВИНЦИЯСЫ АРАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ КЕҢЕЮДЕ
✅Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында Шаньдун провинциясындағы бірқатар ірі ауыл шаруашылығы және азық-түлік өңдеу кәсіпорындарымен келіссөздер жүргізді. Сапар мақсаты – Президент тапсырмасына сәйкес шетелдік тікелей инвестицияларды тарту, ауыл шаруашылығы саласында бірлескен жобаларды іске асыру және облыстың экспорттық әлеуетін арттыру. Делегация Циндао қаласында орналасқан «Wanlin Group» тобының құрамындағы компанияның өндіріс алаңында болды. Кәсіпорын мұздатылған сарымсақ, пияз, сәбіз секілді көкөніс түрлерін өндіруге маманданған және жылына 8000 тоннадан астам өнім шығарады. Халықаралық нарықта атақты KFC, Nestlé сияқты алпауыт брендтерге өнім жеткізіп, АҚШ-қа жыл сайын 50 млн доллар көлемінде экспорт жасайды.
✅Сондай-ақ өңір басшысы «Qingdao Jincheng Agricultural Technology» компаниясының өкілдерімен кездесті. Ауыл шаруашылығы қызметтерін көрсету және дәнді дақылдар саудасымен айналысатын бұл кәсіпорын жыл сайын 50 миллион келі астық өндіреді. Компания «компания + фермер» және «фьючерстер + тапсырыстар» модельдері арқылы шаруалардың табысын арттырып, тәуекелділікті төмендетуге жәрдемдеседі. Бастысы – экологиялық таза өнім өндірісіне басымдық берілген.
✅Сапар аясында «Qingdao Dequan Food Co., Ltd.» компаниясының қызметімен танысу да жоспарланған болатын. Компания жылына 20 мың тоннадан астам өнім өндіріп, әлемдік нарыққа шығарады. 2024 жылы компания «Жоғары технологиялық кәсіпорын» және «Мамандандырылған инновациялық ШОБ» мәртебелерін иеленді.
📌– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің экономикалық өрлеуі үшін шетелдік инвестицияларды тарту жөнінде нақты міндет қойған болатын. Қытай еліне жұмыс сапарымыз – сол тапсырманы іске асыру жолындағы маңызды қадам. Шаньдун провинциясының агроөнеркәсіптік әлеуеті зор, біз оны Түркістан облысының нақты жобаларымен ұштастыра отырып, өңір экономикасына серпін беретін ынтымақтастық құра аламыз, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.
✅Қытайлық серіктестер Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын жоғары бағалап, өңірде өндіріс орындарын ашуға және бірлескен агроөндірістік жобаларды іске асыруға ниет білдірді. Аталған кәсіпорындармен алдын ала келісімдерге қол жеткізіліп, алдағы уақытта нақты жобалар бойынша жұмыстар жүргізіледі.
✅Бұл сапар – Түркістан облысының ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібіне шетелдік технология мен инвестиция тарту жолындағы маңызды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізге шетелдік инвестицияларды тарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады.
✅Сапар барысында инвесторлармен қонақүй, медициналық кешен құрылысы талқыланды. Қытай еліндегі осы жолаларды Түркістан өңірінде іске асыру мүмкіндіктері қарастырылуда. Делегация «Wanlin» тобының құрамындағы денсаулық сақтау орталығында болды. Бұл медициналық қызмет көрсету, күтім және оңалтуды біріктіретін көпфункционалды кешен. Шаньдун провинциясы мен Циндао қаласының негізгі әлеуметтік жобаларының бірі болып. Нысан 5 жұлдызды стандартына сәйкес салынған және 2000 стандартты төсек-орынмен қамтамасыз етілген.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
13 июня 2025
ТҮРКІСТАНДЫҚТАРДЫҢ МҰҢ-МҰҚТАЖДАРЫ ТЫҢДАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев кезекті жеке қабылдауын өткізді. Өзі жетекшілік ететін білім, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік салалар бойынша шағымдарға назар салды. Қабылдауға өңірдің түкпір-түкпірінен 15-ке жуық азамат келіп, мұң-мұқтаждарын жеткізді. Атап айтқанда, Түркістан мен Арыс қаласы, Созақ, Ордабасы, Бәйдібек, Шардара, Сайрам, Түлкібас аудандарынан келген тұрғындарының мәселелері қаралды.
Жеке қабылдауда мектептің құрылысын қоршау, қосымша ғимарат салу, заңсыз әрекеттер мен ұжымдық қысым, мемлекеттік тапсырыс пен қаржыландыру, мүгедектік бойынша санат өзгерту, атаулы әлеуметтік көмек алу, инватаксимен қамту, жұмысқа орналастыру, медицинада нақты диагноз қою, емдеуге квота мен жолдама бөлу, отбасылық кикілжіңдер сынды мәселелер көтерілді.
Бейсенбай Дәулетұлы арыз-өтініштерді мұқият тыңдап, бақылауына алғанын айтты. Барлығы заң аясында сараланып, тиісті жауаптары өтініш иелеріне жолданады. Қажет болған жағдайда арнайы талдаулар жүргізілетінін мәлімдеді. «Ашық әкімдік» кеңсесінде еркін форматтағы кездесулер жалғасады. Мұндай жеке қабылдаулар ай сайын ұйымдастырылады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
13 июня 2025
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖЫЛ БАСЫНАН 50 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛҒАН

2025 жылы облыс әкімінің өкімімен «Өңірлік жұмыс орындарын құру картасы» аясында 130 769 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Осы жылдың алғашқы бес айында 51 552 жұмыс орны ашылды. Олардың 18 мыңнан астамы тұрақты қызмет орындары болса, ал 33 мыңнан астам азамат уақытша жұмыс орындарына орналасқан.

Сонымен қатар, жұмыссыздарға кәсіптік білім беру мақсатында Еnbek.kz платформасында сұранысқа ие дағдыларды қолдану бойынша 4 544 адам онлайн оқытудан өтті. Сондай-ақ, өз кәсібін бастау мақсатында жұмыссыздар қатарындағы 2 063 адам «Бастау-бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жолданды.

Жалпы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылдың I тоқсанының қорытындысымен жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызға, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 1,9 пайызға, ал әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі 5,6 пайызды құрап отыр.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

12 июня 2025
ТҮРКІСТАНДА «БИЗНЕС ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯНЫ ҚОРҒАУ» АТТЫ ФОРУМ ӨТТІ
Түркістан облысының прокуратурасы мен Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен «Бизнес және инвестицияны қорғау» атты форум өтті.
Форумға Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев, Түркістан облыстық Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков, құқық қорғау және бақылаушы мемлекеттік органдардың, облыстық басқармалардың 40-тан астам мекеме өкілдері және 100-ге жуық кәсіпкер мен инвестор қатысты.
Шараның мақсаты – кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, өңірдегі бизнеске кедергі келтіретін жүйелі мәселелерді анықтап, уәкілетті органдармен бірлесіп шешу жолдарын табу. Форумда маңызды баяндамалар жасалып, тиісті ұсыныстар берілді. Облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков кәсіпкерлікті дамыту, қолдау маңызды міндет екеніне тоқталды. Өзге де спикерлер осы бағыттағы мәселелерді, атқарылған жұмыстарды мәлім етті.
Айта кетейік, Түркістан облысының прокуратурасы тарапынан 2025 жылы «Инвест-Караван 2025» іс-шарасы акция шеңберінде 3 көшпелі кездесу өткізіліп, 26 инвестормен тікелей сұхбат жүргізілді. Сондай-ақ 6 инвесторға қатысты заңсыз шешімдер қабылданғанын анықтап, оларға қатысты тіркелген әкімшілік істердің күштері жойылды, 4 инвесторға қатысты уәкілетті органдардың негізсіз тексерулері тоқтатылды. Нәтижесінде биылғы жылдың 5 айында 216 жеке кәсіпкердің және 6 инвестордың құқықтары қорғалып, жалпы сомасы 79,7 млрд теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба бойынша кейстер шешілді.
Ал, 2024–2025 жылдың 5 айында Кәсіпкерлік палатасына 262 өтініш түсіп, 4,7 млрд теңгеге кәсіпкерлердің мүліктік құқықтары қорғалды. Сотта 57 істің 26-сы кәсіпкер пайдасына шешілді. Кеңесте қаралған 34 мәселе бойынша 191 ұсыныстың 78%-ы орындалды. «Бизнеске жол» жобасы аясында 30 отырыста 55 мәселе талқыланып, 19-ы оң шешімін тапқан.
Форум қорытындысы бойынша кәсіпкерлер көтерген мәселелер бақылауға алынып, әрбір мәселе бойынша нақты уәкілетті орган жауапты болып бекітілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
12 июня 2025
ТҮРКІСТАН: ТӨЛЕБИДЕ ЖАҢА ҚОСАЛҚЫ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Төлеби ауданына арнайы іссапармен барып, ондағы өзекті мәселесі бар құрылыс нысандарын аралады.
▪️Алдымен Ленгір қаласындағы «3-кәріздік тазарту қондырғысының» (КОС-3) құрылыс жұмыстарын көрді. Бұл кәріздік тазарту қондырғысы тәулігіне 3500 м3 су өңдейді. Сондай-ақ қаладағы кәріз жүйесінің мәселесін түбегейлі шешу үшін №1,2 кәріз тазалау ғимараттарын күрделі жөндеу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуге қаржы қаралды.
▪️Іссапар «Алатау» шағынауданындағы электр қосалқы станциясына жалғасты. Қала аумағын электр қуатымен қамтуға арналған станция құрылысы толығымен аяқталған. Қазіргі кезде құжаттарын реттеу жұмыстары жүргізілуде. Маусым айының соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Нәтижесінде, аудан орталығының «Қазығұрт», «Самал», «Алатау», «Шаңырақ» мөлтек аудандарындағы жеке тұрғын үйлер, сондай-ақ әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандар сапалы электр энергиясымен қамтылады.
▪️ «Алатау» мөлтек ауданында автомобиль жолдарына 22,4 шақырым асфальт төсеу, суағар орнату, жаяу жүргіншілерге арналған аяқ жол салу жұмыстары жүргізілуде. Жер кезегінде тұрған азаматтарға тұрғын үй құрылысы үшін берілетін жер телімдерінде электр жүйелері, ауыз су құбырлары тартылған. Нысан құрылысы толығымен аяқталғанда 562 азамат жер теліміне ие болады.
Зұлпыхар Сансызбайұлы Ленгір қаласындағы N1 су жинақтаушы құрылғысының жұмысымен танысып, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту жұмыстарын жүйеге келтіруді тапсырды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
12 июня 2025
ТҮРКІСТАН: ТӨЛЕБИДЕ ЗАҢСЫЗ ҚҰРЫЛЫСҚА ҚАРСЫ КҮРЕС КҮШЕЙДІ
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Төлеби ауданына арнайы іссапармен барды. Сала мамандарымен жиналыс өтіп, 4 мәселе қаралды. Аудандағы инфрақұрылым, туризм, заңсыз құрылыстар, дала өрт оқиғалары мен демалыс аймақтарындағы суға кету қаупінің алдын алу бағыттарындағы шаралар баяндалып, алдағы жоспарлар қаралды.
▪️ Төлеби ауданында 55 елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Дегенмен, кейбір елді мекендерде су құбырларын жаңартып, жаз мезгілінде су тапшылығын жою қажет. Осы ретте Балдыберек өзен бойындағы 12 елді мекендегі 25 мың тұрғынды сапалы ауыз сумен қамту, су тапшылығын шешу мақсатында төрт жоба ұсынылды. Ал Леңгір қаласындағы ауыз су мәселесін шешу үшін «Сайрам-Өгем» ұлттық паркі аумағындағы Ақмешіт бұлағынан су тарту жоспарлануда. Сондай-ақ 12 елді мекендегі ауыз су сапасын жақсарту мақсатында қосымша ұңғымалар қазылуда.
▪️ Жиында дала өрттерінің алдын алу жұмыстары, шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары талқыланып, бұл бағыттағы жұмысты күшейту тапсырылды. Төлеби ауданында биыл суға бату оқиғасы тіркелмеген. Осы ретте демалыс аймақтарындағы бассейндерге оқыс оқиғалардың алдын алу үшін туристік полиция бөлімін іске қосу, дәрігер мамандарын қызметке алу ұсынылды. Сондай-ақ, жол апаты жиі орын алатын аймақтарға сергек камераларын көбейту жоспарлануда.
▪️ Өңірдің су қорғау аймақтарындағы заңсыз құрылыс нысандарын анықтап, тиісті жұмыстар жүргізу жалғасуда. Жалпы 85 нысан зерделеніп, заң талаптары сақталмаған 44 нысан иелеріне ескерту хат жіберілген. Хаттама түзіліп, тиісті шара қабылдау жөнінде ұсыныс берілді. Сондай-ақ, туристерді «E-Qоnaq» жүйесіне тіркеу жұмысы жанданады.
Зұлпыхар Сансызбайұлы жиын барысында тиісті сала өкілдеріне хаттамалық тапсырмалар жүктеп, олардың жүйелі орындалуы қатаң қадағаланатынын ескертті.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
12 июня 2025
СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ ВИЦЕ-МИНИСТРІ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА ЖҰМЫС САПАРЫМЕН КЕЛДІ
Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов жұмыс сапарымен Түркістан облысына келді. Сапар аясында ол «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының ғимаратында өңірдегі су шаруашылығына жауапты мамандармен және жергілікті билік өкілдерімен кездесіп, өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдарын талқылады.
Кездесуге Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының директоры Қазыбек Бедебаев, сондай-ақ «Тұран-Су» мекемесінің өкілдері қатысты. Жиын барысында суармалы егістік алқаптарды сумен қамту, су үнемдеу технологияларын енгізу, сондай-ақ ирригациялық жүйелерді жаңғырту жайы сараланды.
Ерболат Ибрайханов өңірдегі су тапшылығы проблемаларына арнайы тоқталып, ұсыныстарды тыңдады. Вице-министр Түркістан облысы аумағындағы ИБР бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан тік ұңғымалар құрылысы жыл соңына дейін толығымен аяқталуы тиіс екенін ескертті. Сонымен қатар су ресурстарын тиімді басқару және агроөнеркәсіп кешенін дамыту барысында өзара ынтымақтастықты нығайту маңыздылығын атап өтті.
Айта кетейік, биыл «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы шамамен 300 шақырым каналдарды механикалық әдіспен тазартты. Сондай-ақ, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің қолдауымен филиал балансына 38 жаңа техника берілді.
Сапар аясында вице-министр облыстағы бірқатар су нысандарын аралап, жергілікті қалыптасқан жағдаймен танысады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
12 июня 2025
ҚЫТАЙ САПАРЫ АЯСЫНДА ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА САРЫМСАҚТЫ ТЕРЕҢ ӨҢДЕУ ІСІН БАСТАУ БОЙЫНША КЕЛІССӨЗДЕР ЖҮРГІЗІЛДІ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және іскерлік делегация мүшелері Қытай еліне жұмыс сапарын Шаньдун провинциясының Цзинин қаласында жалғастырды. Сапар барысында сарымсақ өндірісі бойынша әлемдегі көшбасшы саналатын «Wanglin Group» компаниясының басшысымен маңызды кездесулер өтіп, стратегиялық әріптестік туралы келіссөздер жүргізілді. Өңірдің аграрлық сектордағы инвестициялық жобаларын талқылауға басымдық берілді. Кездесу барысында сарымсақ өсіру және өңдеу бағытында бірлескен жобалар жүзеге асыру мәселесі көтерілді.
Халықаралық компания өз тәжірибелерімен бөлісіп, Түркістан облысының агроклиматтық жағдайын жоғары бағалады. Инвесторлар тарапынан өңірге нақты қаржы салу, заманауи қайта өңдеу зауыттарын салу және экспорттық логистиканы дамыту мәселесі талқыланды.
Кездесу нәтижесінде тараптар Түркістан облысында агроиндустриялық кластер құру, сарымсақ өсіру көлемін арттыру, фермерлермен ұзақ мерзімді келісімшарттар орнату және дайын өнімді шетелге экспорттау бағытында бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.
Сапар аясында делегация компанияның өңдеу цехтары мен логистикалық инфрақұрылымымен танысып, сарымсақты терең өңдеу мен экспортқа бағытталған өндіріс алаңында болды. Дүние жүзіндегі сарымсақ бағасын реттеу орталығының жұмысымен танысты.
Қытайдың ең ірі сарымсақ өндірушілерінің тарихы тереңде. Компанияның сарымсақ өнімдерін қайта өңдеу, мұздату, кептіру, сақтау және әлемдік нарыққа шығару саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар. Жалпы егістік көлемі – 500 мың га, жылына 8 млн тонна өнім сатуға шығарылады. Экспорт көлемі – $4 млрд. Сақтау қоймасы – 4,8 млн тонна. Сарымсақтан сан алуан түрлі дәрі-дәрмек, дәрумендер шығарады.
– Бүгінгі келіссөздер – Түркістан облысы үшін маңызды бетбұрыс. Біз ауыл шаруашылығы саласын дамытудың жаңа кезеңіне қадам басып отырмыз. Бұл бастамалар – Президентіміздің ауыл экономикасын көтеру жөніндегі тапсырмасына толық сай келеді. Ең бастысы – ауыл тұрғындарына нақты пайда әкелетін, тұрақты табыс беретін жобаларды іске асыру. Біздің диқандар табиғи өнім өндіруге машықтанған. Енді оларды халықаралық нарыққа шығару үшін жаңа технологиялар мен инвестициялар қажет. Бұл – жұмыс орындарын көбейтуге, ауылдағы табысты арттыруға, экспорт көлемін ұлғайтуға сеп болады. Біз осыған бар күшімізді саламыз, – деп түйіндеді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.
Сапар аясында Түркістан облысының делегациясы қытайлық аграрлық технопарктердің жұмысымен танысып, өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау, логистика мен экспортқа шығару механизмдері бойынша тәжірибе алмасты.
Сондай-ақ делегация сарымсақ саласына арналған мемлекеттік музейге барып, Қытайдың агроөнеркәсіп саласындағы жетістіктерімен, сарымсақ өсіру және өңдеу тарихымен танысты. Музей экспозициясында ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі технологиялар мен ғылыми жетістіктер ұсынылған.
Түркістан облысы – ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша жетекші өңірлердің бірі. Жыл сайын ондаған мың гектар жерге сарымсақ, пияз, көкөніс және бақша дақылдары егіледі. Облыста аграрлық секторды әртараптандыру, қайта өңдеу кәсіпорындарын көбейту, суармалы егіншілікті дамыту мақсатында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Қазіргі таңда облыста ауыл шаруашылығы саласына шетелдік инвестиция тартуға барынша жағдай жасалып отыр. 2025 жылы өңірге тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемін 30%-ға арттыру жоспарланған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Социальные сети
Меню подвал
Экран дикторы
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Мемлекеттік рәміздері
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты
Терминдер мен қысқартулар
Тұрақты даму мақсаттары
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы