Меню
Страницы
Әкім аппараты
Баспасөз орталығы
Қызметі
Құжаттар
Байланыс ақпараты
Онлайн қабылдау
Үкіметтік емес ұйымдарға арналған әлеуметтік жобалар
Все материалы
06 августа 2026
ТҮРКІСТАНДА КИБЕРҚАУІПСІЗДІКТІ КҮШЕЙТУ ЖӘНЕ ДЕРБЕС ДЕРЕКТЕРДІ ҚОРҒАУ БАҒЫТЫНДА ФОРУМ ӨТТІ
Түркістанда облыс әкімдігі мен Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің ұйымдастыруымен цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға, дербес деректерді қорғауға және ақпараттық қауіпсіздікті нығайтуға арналған форум-семинар өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев, Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Файзулла Байдуллаев, сондай-ақ Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарынан келген сала мамандары, министрлік өкілдері мен ақпараттық қауіпсіздік саласындағы жетекші компаниялардың қызметкерлері қатысты.
Форум аясында цифрлық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар дербес деректерді қорғау тетіктері мен заңнама талаптары кеңінен сөз болды. Сонымен қатар өңірлерде киберқауіпсіздікті күшейту, цифрлық сауаттылықты арттыру, жасанды интеллектті қауіпсіз пайдалану, критикалық инфрақұрылымды қорғау және посткванттық криптографияның дамыту дамыту мәселелері қаралып, қатысушылар өзара пікір алмасты.
Жиын соңында аппарат басшысы мұндай форумдардың өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға, мемлекеттік органдар мен ақпараттық қауіпсіздік саласы өкілдерінің тәжірибе алмасуына, цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік беретінін айтып, алдағы уақытта осы сынды маңызды іс-шаралар жалғасатынын жеткізді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Показать меньше
06 августа 2026
ТҮРКІСТАНДА ЖЫЛЫНА 200 МЫҢ ТУРИСТ ҚАБЫЛДАУҒА ҚАУҚАРЛЫ «TURAN» АКВАПАРК – СУ САЯБАҒЫ САЛЫНЫП ЖАТЫР
Түркістан қаласындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында әлемдік стандарттарға сай «Turan» аквапарк – су саябағының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. «Turkistan Onelee Cultural Tourism Investments Co. Ltd.» компаниясы жобаны іске асыруға 13,4 млрд теңге инвестиция салуда.
Жалпы аумағы 11,7 гектарды құрайтын туристік-сауықтыру кешені үш кезеңмен жүзеге асырылады. Биыл наурыз айында басталған құрылыстың алғашқы кезеңін тамыз айында аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған. Бұл кезеңде келушілерді қабылдау және тіркеу ғимараты, киім ауыстыру орындары, су аттракциондары, шомылу аймағы мен айналмалы аквапарк іске қосылады. Бүгінде І кезеңнің құрылысы аяқталуға жақын. Ал келесі кезеңдерде отбасылық демалыс аймақтары, қонақ үй, мейрамхана, әлемдік стандарттарға сай су аттракциондары, алып толқын бассейндері салынбақ. Жоба толық іске қосылғанда кешен жылына 200 мыңға дейін келуші қабылдап, жаңа жұмыс орындары ашылады. Құрылыс жұмыстарын 2028 жылы толық аяқтау көзделуде. Атқарылып жатқан жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бақылауында.
Ауқымды жоба Түркістанды халықаралық туризм орталығы ретінде дамытуға тың серпін беріп, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
06 августа 2026
ОБЛЫС ӘКІМІ НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ ТҰРҒЫННЫҢ ӨТІНІШІН ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАП, МӘСЕЛЕНІҢ ШЕШУ ЖОЛЫН ТҮСІНДІРДІ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Кентау қаласының тұрғындарымен кездесіп, халықтың ұсыныс-пікірлері мен өзекті мәселелерін тыңдады. Кездесуден кейін әлеуметтік желіде тұрғындардың бірі облыс әкіміне өз өтінішін жеткізе алмай қалғаны жөнінде бейнежазба жариялаған.
Осы жағдайдан хабардар болған өңір басшысы азаматты бүгін арнайы қабылдап, өтінішін жеке тыңдап, жауапты сала басшыларының қатысуымен мәселені жан-жақты қарады.
Қала тұрғыны Тұрәлі Айтжанов Кентау қаласына кіреберісте орналасқан, жеке меншігіндегі 3 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімінің нысаналы мақсатын коммерциялық бағытқа өзгерту туралы өтінішін жеткізді.
Аталған мәселе бойынша азамат бұған дейін де бірнеше рет Кентау қаласы әкімінің және облыс әкімінің қабылдауында болған. Оған қолданыстағы заңнама талаптары түсіндіріліп, баламалы жер учаскесі де ұсынылған. Алайда тұрғын бас тартқан.
Бүгінгі қабылдауда да жауапты мамандардың қатысуымен мәселе жан-жақты қаралып, қолданыстағы заң талаптары кезекті рет түсіндірілді. Атап айтқанда, жер телімі Кентау қаласының қолданыстағы бас жоспарына сәйкес су қорғау аймағында орналасқан. Осыған байланысты оның нысаналы мақсатын өзгертуге қазіргі таңда заң жүзінде мүмкіндік жоқ.
Сонымен қатар қазіргі уақытта Кентау қаласының бас жоспарына өзгерістер енгізу жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылды. Бас жоспар жаңартылып, тиісті мемлекеттік органдардың қорытындылары алынғаннан кейін азаматтың өтініші заң талаптарына сәйкес қайта қаралатын болады.
Қабылдау барысында Тұрәлі Айтжанов кеше халықпен кездесу кезінде туындаған түсініспеушілік салдарынан өз мәселесін жеткізе алмағанын айтып, орын алған жағдайға өкініш білдірді. Сондай-ақ өтінішін жеке қабылдап, мәселенің құқықтық тәртібін жан-жақты түсіндіргені үшін облыс әкіміне алғысын жеткізді.
Өз кезегінде Нұралхан Көшеров тұрғындардың әрбір өтініші мұқият қаралатынын атап өтті. Сонымен бірге барлық мәселе тек заң талаптарына сәйкес шешілетінін айтты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
06 августа 2026
ТҮРКІСТАН: ОТЫРАР АУДАНЫ ТАРИХ ПЕН РУХАНИЯТ ТОҒЫСҚАН ТУРИЗМ ОРТАЛЫҒЫ
Соңғы уақытта Отырар ауданына келуші туристердің саны артқан. Биыл аймаққа 185 870 турист келіп, ауданның тарихи-мәдени және рухани мұраларымен танысты.
Тамыры терең тарихымен танылған Отырар – ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің туған жері, өркениеттің алтын бесігі. Мұнда келушілер алдымен Арыстанбаб кесенесіне, Отырар қалажұртына, музей-қорық нысандарына және басқа да тарихи-мәдени ескерткіштерде аялдайды.
Бүгінде ауданның туристік әлеуетін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, тарихи нысандардың инфрақұрылымы жаңартылып, келушілерге қолайлы жағдайлар жасалуда. Бұл жұмыстардың нәтижесінде Отырарға келетін отандық және шетелдік туристер саны тұрақты өсіп келеді. Туризмнің дамуы аудан экономикасына оң әсерін тигізіп, қызмет көрсету саласының жандануына оң әсерін тигізуде.
Қасиетті Отырар – өткен мен бүгінді жалғаған, тарихы тағылымға, мәдениеті мұраға толы мекен. Аудан көлемінде туризмді дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
06 августа 2026
ТҮРКІСТАН: ОТЫРАР АУДАНЫНДА 5 ЖОБА АЯСЫНДА 21 ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛДЫ
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында экономикалық әлеуетті арттыру, инвестиция тарту және жаңа өндіріс орындарын ашу бойынша жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бүгінде облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бастамасымен аудан, қалада өндірістік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлініп, шағын өндірістік парктер құру арқылы кәсіпкерлікті қолдаудың жаңа кезеңі басталды. Осы бағытта Отырар ауданында кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау және жаңа өндіріс орындарын ашу арқылы аудан экономикасының тұрақты дамуына серпін беретін тың жобалар кезең-кезеңімен іске асырылуда.
Бүгінде ауданда жалпы құны 305 млн теңгені құрайтын 5 жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 21 жаңа жұмыс орны ашылды. Атап айтқанда, темір бұйымдарын өндіру, брусчатка шығару, құрама жем өндіру және ауыл шаруашылығы өнімдерін сублимациялық әдіспен кептіруге арналған заманауи кәсіпорындар іске қосылды.
Жаңа өндіріс орындарының ашылуы – аудан экономикасының дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға және тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған маңызды қадам.
Айта кетейік, өңірдегі 29 шағын өндірістік паркте 275 өндіріс орнының құрылысы басталып, бүгінде оның 164-і пайдалануға берілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
06 августа 2026
ТҮРКІСТАН: КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ОҚЫТУ СЕМИНАРЫ ЖАЛҒАСУДА
Түркстан облысында кәсіпкерлік мәдениетін қалыптастыру, халықтың қаржылық және бизнес сауаттылығын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта «TÚRKISTAN» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының ұйымдастыруымен Түркістан облысының барлық аудан-қалаларында «Кәсіпкерлік негіздері және агроқұзереттілік» тақырыбында оқыту семинарлары өткізіліп келеді.
Оқыту бағдарламасы кәсіп ашуды жоспарлаған азаматтармен қатар, өз кәсібін жаңа деңгейге көтеруді көздейтін кәсіпкерлерге де арналған. Семинар барысында қатысушылар кәсіпті неден және қалай бастау керектігін, бизнес-жоспар әзірлеуді, салық жүйесінің ерекшеліктерін, мемлекеттік қолдау тетіктерін, заманауи маркетинг пен қаржылық жоспарлаудың негізгі қағидаларын меңгеріп, бизнесті тиімді жүргізуге қажетті практикалық білім мен дағдыларға ие болады.
Ең бастысы – әрбір қатысушы тек теориялық білім алып қана қоймай, өз бизнес-идеясын жан-жақты талдап, оны жүзеге асырудың нақты қадамдарын айқындауға мүмкіндік алады. Оқыту барысында қойылған сұрақтарға жеке кеңестер беріліп, кәсіпкерлердің күнделікті қызметінде кездесетін мәселелердің тиімді шешу жолдары ұсынылады.
Бүгінде аймақтарда өтіп жатқан оқыту семинарлары тұрғындардың үлкен қызығушылығына ие болып, кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті азаматтардың белсенділігін арттыруда. Бұл бастама жаңа кәсіпкерлік субъектілерінің құрылуына, жұмыс орындарының көбеюіне және Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етуде.
«TÚRKISTAN» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы алдағы уақытта да өңір кәсіпкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетіп, білім беру алаңдарын кеңейту арқылы кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермек.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Азаматтарды қабылдау орталығы
Азаматтарды қабылдау орталығы туралы
05 августа 2026
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ КЕНТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Қазақстан Республикасы Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Кентау қаласының тұрғындарымен кездесіп, жеке қабылдау өткізді.
— Құрметті Кентау қаласының тұрғындары! Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, облыс әкімдері барлық аудандардың тұрғындарымен кездесіп, мәселелерді ашық диалог алаңында шешу тапсырылған болатын. Осыған сәйкес, бүгін Қарт қаратаудың баурайында орналасқан табиғаты көркем, өндірісі өркендеген, Кентау шаһарының тұрғындарымен жүздесуге келіп отырмыз. Бүгінде облыстың инвестициялық әлеуетін дамыту бағытында арнайы жобалар мақұлданып, іске асыру жұмыстары қарқынды жалғасып келеді. Бұл бойынша аудан, қалаларда арнайы экономикалық аймақтардың іргесі қаланып, жаңа кәсіпорындар ашылуда. Кентау қаласының негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде де оң өсім байқалады. Өткен кездесуде сіздердің тараптан 26 мәселе көтерілген болатын, бүгінде оның 18-і орындалып, қалған 4-еуін кезең-кезеңімен шешу жұмыстары жалғасып жатыр. Тұрғындардың талап-тілектері жіті қадағалауымда, әр мәселені заң шеңберінде қарастыру жұмыстары ұдайы жалғасады. Жалпы Кентау қаласының өндірістік әлеуеті жоғары, алдағы уақытта да халықтың тұрмысын жақсарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және қаланы көркейту бағытындағы жұмыстарды күшейту қажет, — деген облыс басшысы әр саланың жауапты тұлғаларына нақты міндеттер жүктеді.
Кентау қаласында мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. 2026 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнім көлемі 43,5 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,3 пайызға артқан. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 15,3 млрд теңгені құрады. Аймаққа тартылған инвестициялар көлемі 117 пайызды құрап отыр. Өнеркәсіп саласына келсек, өндірілген өнім көлемі 26,2 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібінде 20,5 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда төмен деңгейде. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 114,8 пайызды құрайды. Оның ішінде мал шаруашылығының көлемі – 117,7 пайыз, ал өсімдік шаруашылығы – 100 пайыз орындалған. Шағын және орта кәсіпкерлік саласында оң нәтиже байқалады. Бүгінде қалада жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 5 797 бірлікке жетті. Қаладағы жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құрайды. Білім беру саласында 32 мектеп жұмыс істейді. Қалада апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер жоқ. Мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту деңгейі 99,6 пайызды құрайды. Бүгінде қала көлемінде 13 медициналық мекеме халыққа қызмет көрсетуде. Сондай-ақ, инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды. Қалаға аумағындағы 3 елді мекен көгілдір отынмен қамтылып, газға қосылған абоненттер саны 17 мыңға жетті. Сонымен қатар 120 ипотекалық тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Құрылыс жұмыстарының көлемі 20,8 пайызға артса, жергілікті бюджеттің өзіндік кірістердің үлесі 31,4 пайызға жеткен. Бұдан бөлек, «Болашақ» мөлтек ауданындағы 14 көшеде ауыз су құбырлары толық ауыстырылып, пайдалануға берілді. Қарнақ ауылындағы жалпы ұзындығы 3,5 шақырымды құрайтын 5 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ қаланың ішкі жылу жүйесінің 54 шақырымы қайта жаңғыртудан өткізілді.
Мәжіліс соңында Нұралхан Көшеров тұрғындарды жеке қабылдап, өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Жеке қабылдауда елді мекендерді газбен қамту, жол жөндеу, инфрақұрылыммен қамту, тұрғын үй және жер мәселелері көтерілді. Олардың кейбірі толық орындалса, қалған түйткілдер төңірегінде тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Өңір басшысы тұрғындардың талап-тілегі қашан да қолдау табатынын жеткізді.
Айта кетейік, облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің облыс тұрғындарымен кездесулері барлық аудан, қалада жалғасады. Жеке қабылдауға «еOtinish» бірыңғай базасы арқылы немесе «Ашық әкімдік» кеңсесіне келіп, жазбаша өтініш тастау арқылы жазылуға болады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
05 августа 2026
ТҮРКІСТАН: КЕНТАУДА ШЫҒАРЫЛҒАН ГАЗ ҚАЗАНДЫҚТАРЫ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІНЕ ЭКСПОРТТАЛАДЫ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жұмыс сапарымен Кентау қаласына барып, «Тұран» арнайы экономикалық аймағында орналасқан газ қазандықтарын өндіретін «TURAN SHENHUA» ЖШС зауытының жұмысымен танысты.
Зауытта жылына 30 мың дана газ қазандығы өндіріледі. Жобаның жалпы құны – 2,4 млрд теңге. Кәсіпорында 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Қызметкерлердің орташа жалақысы 250–300 мың теңгені құрайды. Сонымен қатар өндірілген өнімдер Орта Азия елдеріне экспортталады.
Аралау барысында облыс басшысы зауыттың жұмыс барысымен танысып, өңір экономикасын әрі қарай дамыту, инвестиция тарту, экспорт көлемін ұлғайту мәселесіне баса назар аудару қажеттігін атап өтті.
Айта кетейік, өңірде экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту және жаңа өндіріс орындарын ашу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. 2026–2029 жылдар аралығында Түркістан облысында жалпы құны 2,8 трлн теңгені құрайтын 122 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Оның нәтижесінде 17 820 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Бүгінде облыста жаңа жұмыс орындарын құру, жұмыссыздық деңгейін төмендету және экономикалық өсімді қамтамасыз ету бағытында нақты жобалар әзірленіп, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
05 августа 2026
ТҮРКІСТАН: КЕНТАУДА ЖАҢА «ДОСТЫҚ ҮЙІ» ҒИМАРАТЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Кентау қаласы, Қарнақ елді мекенінде заманауи үлгідегі «Достық үйі» ғимараты ел игілігіне пайдалануға берілді. Ашылу салтанатына облыс әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, тұрғындарды айтулы күнмен құттықтады. Жаңа нысанды толық аралап көріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
— Құрметті қарнақтықтар! Баршаңызды тарихи Қарнақ ауылындағы жаңа 300 орындық Достық үйінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев аймақтарда Достық үйлерін көбейтуді тапсырған болатын. Түркістан облысында осы бағытта жұмыстар жүріп жатыр. Облыс орталығында Достық үйі ашылып, ауқымды жиындарды қабылдайтын орынға айналды. Қазақ руханияты мен ел бірлігін насихаттайтын мұндай орталықтардың маңызы зор. Қарнақта бой көтерген жаңа нысан – елдің рухани өмірін жандандырып, өнер мен мәдениеттің, бірлік пен татулықтың алтын ордасына айналады деп сенемін. Қарнақ ауылы – талай ғұлама мен дін қайраткерлерін тәрбиелеген тамыры терең мекен. Осындай киелі өлкеде жаңа орталықтың ашылуы – заңдылық. Бүгін пайдалануға беріліп отырған Достық үйі жастардың өнерін шыңдайтын, ақсақалдар мен аналардың басын қосатын, түрлі мәдени-көпшілік шаралар өтетін берекелі мекен бола берсін. Қарнақ ауылының дамуына әрдайым қолдау көрсетіп келе жатқан барша азаматтарға, құрылысшыларға және осы игілікті істің жүзеге асуына үлес қосқан жандарға ризашылығымды білдіремін. Жаңа нысан құтты болсын!Тәуелсіз еліміз мәңгі жасап, бірлігі жарасқан халқымыздың бағы жана берсін! — деді Нұралхан Оралбайұлы.
Ғимараттың жалпы ауданы 2844,71 шаршы метрді құрайды. Жобалық-сметалық құны 1 277,8 млн теңге. Құрылыс жұмыстарын «РСУ-1» ЖШС-нің мердігер мекемесі жүргізді. Ғимарат сыйымдылығы 300 адам. Нысан заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
05 августа 2026
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ САУРАН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСІП, ҰСЫНЫСТАРЫН ТЫҢДАДЫ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сауран ауданының тұрғындарымен кездесіп, ашық форматта пікір алмасты.
▪️Кездесу барысында облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, Сауран ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Сонымен қатар алдағы кезеңге жоспарланған жобалар мен негізгі міндеттерге тоқталды.
– Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, облыс әкімдері барлық аудандардың тұрғындарымен кездесіп, мәселелерді ашық диалог алаңында шешу тапсырылған болатын. Осыған сәйкес, бүгін көне Жібек жолының жауһары, ежелгі өркениеттердің ізі қалған Сауран өлкесінің тұрғындарымен жүздесуге келіп отырмыз. Сауран ауданының негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде оң өсім байқалады. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2026 жылдың 6 айында 38,4 млрд теңгені құрап, өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 36,7 пайызға өсті. Өнеркәсіп өнім көлемі 14,3 млрд теңгеге жетіп, өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 19,9 пайызға артты. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 12,3 млрд. теңгені құрап, 35,4 пайызға өсті. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 57,2 млрд теңгені құрап, өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 2,2 есеге артты. Сауда көлемі 1,9 млрд теңгені құраса, өсім 31,8 пайызға жетті. Өзіндік кірістер 3,3 млрд теңгені құрап, 14,5 пайызға ұлғайды. Салықтық түсімдер 3,1 млрд теңгені құрап, 36,7 пайызға артты. Бұл жетістіктер – ең алдымен, аудан тұрғындарының бірлігі мен ынтымағының, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалардың жүйелі жүзеге асырылуының нақты нәтижесі. Сауран ауданы 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері негізінде І орынға ие болды. 2026 жылдың І жартыжылдығының қорытындысымен де көшбасшылық орнын сақтап, тағы да І орыннан көрінді. Бұл – ауданның тұрақты дамуының, экономикасының қарқынды өсіп келе жатқанының және барлық салада жүйелі жұмыстардың жүргізіліп отырғанының айқын дәлелі. Алдағы уақытта да осы оң қарқынды сақтап, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға, жаңа жобаларды іске асыруға және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа деңгейге көтеруге бірлесе еңбек етеміз деп сенемін, – деген Нұралхан Көшеров өңірді дамытуда тұрғындармен ашық диалогтың маңызы зор екенін айтып, халықтың ұсыныс-пікірлері мен көтерген мәселелері әрдайым назарда болатынын жеткізді.
2026 жылдың 6 айында аудандағы өндірістік алаңдарда жалпы құны 23 млрд теңгені құрайтын 34 жоба іске қосылып, 894 адам жұмыспен қамтылды.
Ауданда өткен жылы 2 мектеп, 1 оңалту орталығы пайдалануға берілді. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша 5 мың басқа арналған мал бордақылау алаңы іске қосылды. Сонымен қатар 150 орындық Мәдениет үйі мен кітапхана, 1 спорт кешені пайдалануға берілсе, 1 спорт кешенінің құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Былтыр облыс әкімінің саурандықтармен кездесуінде көтерілген өзекті мәселелер бақылауға алынып, оларды кезең-кезеңімен шешу бойынша іс-шаралар жоспары бекітілген. Жалпы тұрғындар тарапынан 10 мәселе көтеріліп, бүгінде 5-еуі толық орындалды. 2 мәселе бойынша жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, Ескі Иқан ауылдық округіндегі 15 мың басқа арналған мал бордақылау және мал сою алаңы электр желілерімен қамтамасыз етілді. Тұрғындардың сұранысы бойынша Шаға ауылдық округінде бір қабатты екі пәтерлі және Шорнақ елді мекенінде 3 қабатты 24 пәтерлі бір тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары басталды. Жыл соңына дейін табысталады. Бабайқорған мен Игілік елді мекендерінің арасындағы 9 шақырым автомобиль жолы орташа жөндеуден өтуде.
Кездесуде тұрғындар Оқушылар сарайын салу, ауылдарды табиғи газбен толық қамту, қоғамдық көлік, интернет сапасын жақсарту, ауыл шаруашылығы үшін жеңілдетілген несиеге қатысты сауалдарын қойып, ұсыныстарын айтты. Нұралхан Көшеров әрбір мәселе бойынша жауапты басқарма басшылары мен аудан әкімдігіне нақты тапсырмалар беріп, заң аясында кезең-кезеңімен шешуді тапсырды.
Одан кейін облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келген тұрғындар баспана алу, жарықтандыру, жол, кәсіп ашу мақсатында жер алу, әлеуметтік қызмет көрсету орталығын салу және инфрақұрылымға қатысты өтініштерін жеткізіп, білім саласына қатысты шағымдарын айтты. Әрбір көтерілген мәселе мұқият тыңдалып, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар жүктелді. Олардың орындалуы облыс әкімінің бақылауында болады. Бірқатар мәселе сол мезетте шешімін тапты.
Айта кетейік, Түркістан облысында тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізу және азаматтарды жеке қабылдау арқылы халықпен кері байланысты күшейту жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Социальные сети
Меню подвал
Экран дикторы
Құпиялылық саясаты
Терминдер мен қысқартулар
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Президентінің сайты