Құрылыс нысандарын салу үшін Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңының (Бұдан әрі – Заң) талаптары сақталу қажет.
Заңның 12-бабына сәйкес меншiк иелерi не жер пайдаланушылар жер учаскелерiн құрылыс салу үшiн (коммуникацияларды жүргiзу, аумақты инженерлiк жағынан дайындау, абаттандыру, көгалдандыру және учаскенi жайғастырудың басқа да түрлерiн қоса алғанда) пайдалануды тек қана Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен бекiтiлген жобалау құжаттамасына сәйкес және нысаналы мақсатын немесе сервитутты, аумақты аймақтарға бөлудi, қызыл сызықтарды және құрылыс салуды реттеу сызықтарын, құрылыс саласындағы құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту және оны пайдалану қағидаларын сақтай отырып жүзеге асыра алады.
Заңының 68-бабына сәйкес құрылыс процесiнiң тиiстi кезеңдерiнде келесі рәсiмдер орындалуға және талаптар сақталуға тиiс:
- Объект құрылысын жүзеге асыруға ниетi бар тапсырыс беруші Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес ayдандардың (қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдарынан жерге тиісті құқық беру туралы шешімді алуға міндетті. Тапсырыс берушінің жерге тиісті құқығы және бекітілген егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес функционалдық аймағы болған жағдайда, объект құрылысы үшін аудандардың (қалалардың) жергілікті атқарушы органдарынан қосымша шешім алу талап етілмейді. Объектіде құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті жер пайдалану құқығы не жеке меншік құқығы берілген жерде ғана жол беріледі;
- ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органдары жерге тиiстi құқық беру туралы шешiм, инженерлiк қамтамасыз ету және коммуналдық қызмет көрсету көздерiне қосу үшін техникалық шарттарды жобалаудың бекiтiлген тапсырмасы және басқа да бастапқы материалдар (деректер) негiзiнде тапсырыс берушіге сәулет-жоспарлау тапсырмасын беруі тиіс;
- жобалауға арналған тапсырмаға, сәулет-жоспарлау тапсырмасына және өзге де бастапқы материалдарға сәйкес әзiрленген жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы мемлекеттiк нормативтiк құжаттарда белгiленген талаптарға сәйкес келiсуден, ведомстводан тыс кешендi сараптамадан және бекiтуден өтуі тиіс;
- құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргiзу басталғанға дейiн тапсырыс берушi мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын органдарға «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген тәртiппен құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргiзу жөнiндегi қызметтi жүзеге асырудың басталғаны туралы хабар беруге мiндеттi.