Адам құқықтарын қорғау институттары өзара ынтымақтастық жөнінде келісім жасасты

Адам құқықтарын қорғау институттары өзара ынтымақтастық жөнінде келісім жасасты

Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев пен Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Нұров екіжақты кездесу өткізіп, өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

Құжат кәсіпкерлік қызметпен айналысатын тұлғалардың іргелі құқықтарын қорғау бағытындағы өзара іс-қимылды жандандыруға бағытталған. Меморандум Қазақстан Республикасының Конституциясында, сондай-ақ азаматтық және саяси құқықтар, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы Халықаралық пактілерде бекітілген адам құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету бойынша бірлескен жұмысты көздейді.

Тараптар өңірлік деңгейде өзара күш-жігерді үйлестіру және тұрақты кездесулер өткізу арқылы ынтымақтастықты нығайтуды жоспарлап отыр. Әсіресе, кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтардың негізгі құқықтарына әсер ететін жүйелі сипаттағы мәселелерге ерекше назар аударылады.

Сондай-ақ тараптар Меморандумға қол қою іскерлік ортада құқықтық сауаттылық пен құқық қорғау тетіктерін күшейтуге бағытталған практикалық ынтымақтастыққа негіз болатынын атап өтті.