Омбудсменнің қолдауымен мүгедектігі бар адамдарды дискриминациялайтын норма жойылды

Омбудсменнің қолдауымен мүгедектігі бар адамдарды дискриминациялайтын норма жойылды

ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің атына қазақстандықтан мүгедектігі бар жолаушылардың құқықтарын шектейтін нормаларды алып тастауға жәрдем көрсету туралы өтініш келіп түсті.

Өтініш иесі жолаушыларды тасымалдау қағидаларында мүгедектігі бар адамдарға қатысты қойылған негізсіз талаптарға назар аударды.

Атап айтқанда, «Теміржол көлігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қайшы түрде, Қағидалар билеттен бөлек мүгедек адамдардың мәртебесін растайтын қосымша құжат ұсынуды міндеттеген.

Аталған дискриминациялық талап мүгедектігі бар көптеген адамдардың мүдделерін қозғайтын болғандықтан, 28 ақпан күні ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл ҚР Көлік министріне осы норманы Қағидалардан алып тастау жөнінде ұсыным жолдады.

Одан кейін, 12 наурызда, осыған ұқсас негіздер бойынша ҚР Бас көлік прокуратурасы да наразылық білдірді.

Сонымен қатар, дәл осы азаматтың өтініші ҚР Конституциялық Сотының қарауына қабылданып, сот отырысында құқық қорғау институты өтініш иесінің талаптарын қолдап, өзінің ұстанымын растады.

Нәтижесінде, Қазақстан Республикасы Көлік министрінің 2025 жылғы 11 сәуірдегі бұйрығымен Қағидаларға өзгерістер енгізілді: енді мүгедектігі бар адамдардың пойызға отырғызылуы қосымша растайтын құжаттарды талап етпестен жүзеге асырылады.

Мұндай өтініштерді қарау адам құқықтарын жүйелі түрде бұзу фактілерін анықтауға және көптеген азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қалпына келтіруге және қорғауға мүмкіндік береді.