Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Үйлестіру және Сараптамалық кеңестердің кеңейтілген бірлескен отырысында Омбудсменнің жанынан жаңа консультативтік орган – Ғылыми комиссия құру туралы бастама айтылды.
Ұсынысты «Астана» халықаралық университеті Құқық жоғары мектебінің профессоры, заң ғылымдарының докторы Исидор Борчашвили білдірді. Ол қазіргі Үйлестіру және Сараптамалық кеңестердің тиімді жұмысын атап өтіп, құқық қорғау саласында ғылыми құрамдастың маңызын арттыру қажеттігін айтты.
«Қазіргі таңда құқық қорғау қызметі барған сайын күрделі сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Бұл жүйелі, стратегиялық көзқарасты талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, тағы бір маңызды бағытты – ғылыми негізде жұмыс істеуді күшейтетін кез келді»,– деді профессор.
Профессордың пікірінше, жаңа Ғылыми комиссия күрделі құқықтық жағдайларды тереңірек талдауға, ғылыми ортамен тұрақты байланыс орнатуға және жас зерттеушілерді құқық қорғау ісіне тартуға мүмкіндік береді. Комиссия құрамына құқық, саясаттану, әлеуметтану және халықаралық қатынастар салаларындағы мамандарды қосу ұсынылды.
ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев бұл бастаманы қолдап, оның стратегиялық маңыздылығын атап өтті.
«Құқық қорғау қызметі тек моральдық ұстаным мен құндылықтарға ғана емес, сонымен қатар ғылыми тәсілдер мен кешенді сараптамаға және пәнаралық көзқарасқа негізделуі тиіс. Бүгінгі сын-қатерлер – балалар мен мүгедектігі бар адамдардың құқықтарынан бастап, цифрлық, экологиялық және көші-қон саласындағы мәселелерге дейін – кәсіби әрі терең талдауды талап етеді. Мұндай жағдайда Ғылыми комиссия әлеуметтік-құқықтық үдерістерге сараптамалық талдау жүргізетін, ұзақ мерзімді күн тәртібін қалыптастыратын және ғылыми негізделген ұсыныстар әзірлейтін алаңға айналмақ»,– деді ол.
Омбудсмен атап өткендей, Ғылыми комиссия тұрақты негізде жұмыс істейтін консультативтік-талдамалық құрылым болады және құқық қорғау саласына ғылыми қолдау көрсету арқылы теория мен практиканың арасындағы байланысты күшейтеді.
Жаңа органның құрамын қалыптастыру жұмыстары жақын арада басталмақ.