Жабық мекемелердегі адам құқықтары жөніндегі 10-шы Жинақталған баяндама таныстырылды

Жабық мекемелердегі адам құқықтары жөніндегі 10-шы Жинақталған баяндама таныстырылды

Астана қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық алдын алу тетігі (ҰАТ) қатысушыларының 2024 жылы орындалған алдын ала бару қорытындылары бойынша әзірленген 10-шы Жинақталған баяндамасының таныстырылымы өтті.

Құжат Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Үйлестіру және Сараптамалық кеңестердің кеңейтілген отырысында ұсынылып, бекітілді. Атап өтсек, жиын алғаш рет бірлескен форматта ұйымдастырылды. Оған құқық қорғаушылар, ғылыми қауымдастық өкілдері, халықаралық ұйымдар мен мемлекеттік органдар — Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Еңбек министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары қатысты. Жалпы саны 100-ге жуық қатысушы жиналды.

Баяндамада колониялар, уақытша ұстау изоляторлары, тергеу изоляторлары, оңалту орталықтары және басқа да жабық мекемелердегі адам құқықтарының сақталуына қатысты проблемаларға талдау, оң тәжірибе мысалдары және құқықтардың сақталу деңгейін арттыруға бағытталған ұсынымдар қамтылған. Құжат негізіне өткен жылы жүргізілген 500-ге жуық алдын ала бару нәтижелері енген. Оның ішінде 249-ы – ішкі істер органдарына, 108-і – оқу-ағарту, 79-ы – халықты әлеуметтік қорғау, 49-ы – денсаулық сақтау саласына қарасты мекемелерге жасалған.

Отырыс қорытындысы бойынша Жинақталған баяндаманы ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің ресми сайтында жариялау және оны тиісті мемлекеттік органдарға жолдау туралы шешім қабылданды. Бұл қадам ҰАТ қатысушылары анықтаған құқық бұзушылықтарды жою бойынша тиісті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.