Астана қаласында Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Үйлестіру және Сараптамалық кеңестердің кеңейтілген отырысы өтті. Шара алғаш рет бірлескен форматта өткізіліп, пенитенциарлық жүйе мен жабық мекемелердегі ұстау жағдайларына қатысты мәселелер жан-жақты талқыланды.
Отырыс БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы өкілдігі мен Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар Офисінің қолдауымен өтті. Іс-шараға салалық мемлекеттік органдардың, ғылыми қауымдастықтың, халықаралық ұйымдардың және құқық қорғау құрылымдарының 100-ге жуық өкілі қатысты. Қатысушыларға құттықтау сөзін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Игорь Рогов, БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар Офисінің басшысының міндетін атқарушы Юрий Фенопетов, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы Комиссары Басқармасының Орталық Азия бойынша аймақтық өкілі Матильда Богнер, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі және Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкілдер Динара Зәкиева мен Кенжеғұл Сейтжан жолдады.
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев іс-шараны ашып, Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларына және оның қалыптасуына үлес қосқан құқық қорғау қозғалысының ардагерлері – Ю.Гусаков, А.Муха, С.Молчанов, М.Кудрявцев және О.Ғаббасовқа ризашылығын білдірді.
Отырыста Ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының 2024 жылғы алдын алу сапарларының қорытындысы бойынша әзірленген оныншы мерейтойлық Жинақталған баяндама таныстырылды.
Сонымен қатар адам құқықтары саласындағы зерттеулер нәтижелері ұсынылды. Атап айтқанда, Сараптамалық кеңестің мүшесі Рахымбек Мамырбаев ТМД елдерінің пенитенциарлық жүйелеріне халықаралық стандарттарды енгізу мәселесіне талдау жасады. Белгілі адвокат Айман Омарова бостандығынан айыру орындарындағы балалы әйелдердің жағдайы туралы, ал Лязат Актаева қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі медициналық қамтамасыз ету мәселелері жөнінде баяндама жасады.
Отырыс қорытындысы бойынша ұлттық құқық қорғау тетігін одан әрі дамыту және құқық қолдану тәжірибесін жетілдіруге бағытталған бірқатар ұсынымдар мен ұсыныстар қабылданды. Оқшаулау жағдайында адам құқықтарын тиімді қорғау үшін мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғаммен ынтымақтастықты тереңдетуге қатысты бастамалар келісілді.
Сондай-ақ 2025 жылға арналған Жинақталған баяндаманы әзірлейтін жұмыс тобының құрамы бекітілді. Бұл жұмысқа халықаралық есептер дайындау тәжірибесі бар Қазақстанның белгілі мемлекет қайраткері Раиса Шер жетекшілік ететін болды.