Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Нидерланд Корольдігінің Адам құқықтары жөніндегі Елшісі Уим Геертс бастаған делегациямен кездесті.
Делегация құрамында Нидерланд Корольдігінің Қазақстандағы Елшісі Нико Схермерс пен Нидерланд Сыртқы істер министрлігінің саяси мәселелер жөніндегі Үйлестірушісі Матс Якобс болды.
Кездесу барысында құқық қорғау институтының қызметі бойынша презентация ұсынылды. Тараптар адам құқықтары саласындағы өзекті сын-қатерлер мен даму перспективаларын талқылады. Азаматтардың өтініштерінде жиі көтерілетін мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Сонымен қатар құқықтық ағарту және адам құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстың ақпараттық сүйемелденуіне ерекше мән берілді.
Кездесу қорытындысында тараптар ынтымақтастықты нығайту жолдарын талқылап, Уәкіл институты мен Нидерланд Корольдігі арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға дайын екендіктерін білдірді.