Омбудсмен Үйлестіру кеңесінің хатшысымен жинақталған баяндаманы дайындау мәселесін талқылады

Омбудсмен Үйлестіру кеңесінің хатшысымен жинақталған баяндаманы дайындау мәселесін талқылады

Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Омбудсмен жанындағы Үйлестіру кеңесінің хатшысы Раиса Шермен кездесу өткізді. Кездесу барысында 2024 жылға арналған жинақталған баяндама жобасы талқыланып, 2025 жылғы құжатты әзірлеудің негізгі кезеңдері айқындалды.

Артур Ластаев Үйлестіру кеңесімен өзара іс-қимылдың маңыздылығына тоқталып, бұл ынтымақтастық еліміздегі адам құқықтарының сақталу жағдайына объективті әрі жан-жақты талдау жасауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Тараптар құқық қорғау тетіктерінің тиімділігін арттыруға бағытталған жаңа баяндаманы сапалы дайындау үшін алдағы жұмыс кезеңдерін үйлестіру жөнінде уағдаласты.

Жинақталған баяндама – бұл Ұлттық алдын алу тетігі (ҰАТ) аясында жүргізілген жабық мекемелерге мониторинг нәтижелерін жинақтайтын жыл сайынғы аналитикалық құжат. Ол жүзеге асырылған іссапарлардың қорытындыларына, сондай-ақ адам құқықтарын сақтау бойынша ұсыныстар мен тұжырымдарға негізделеді.

Аталған баяндама Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Үйлестіру кеңесі тарапынан ҰАТ қатысушыларының есептері негізінде әзірленіп, құзыретті мемлекеттік органдарға жолданады. Құжат құқық қорғау саласындағы заңнамалық және әкімшілік шешімдерді қабылдауда қолданылуы мүмкін.

Ұлттық алдын алу тетігі (ҰАТ) – бұл әлеуметтік сала мен қылмыстық-атқару жүйесіндегі жабық мекемелерге қатысты тәуелсіз мониторинг жүргізу жүйесі. Оның негізгі мақсаты – азаптаулардың, қатыгез, адамшылыққа жат немесе қадір-қасиетті қорлайтын іс-әрекеттердің алдын алу. Өткен жылдың желтоқсанында 2025–2026 жылдарға арналған ҰАТ-тың жаңа құрамы бекітілді. Оның құрамына адам құқықтарын қорғау саласында тәжірибесі бар 103 қатысушы енді. Олардың қатарында үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, азаматтық қоғам белсенділері және тәуелсіз сарапшылар бар.