Омбудсмен Артур Ластаев: жаңа заңның беделіне нұқсан келтіретін арандатушылар әрекетінің жолы кесіледі

Омбудсмен Артур Ластаев: жаңа заңның беделіне нұқсан келтіретін арандатушылар әрекетінің жолы кесіледі

Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Астанадағы Балаларды қолдау орталығында болды

Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиевамен бірге Астанадағы Балаларды қолдау орталығына барды. Бұл сапар балалардың тұрмыс жағдайымен танысу мақсатында жабық мекемелерге мониторинг жүргізу аясында өтті.

Сапар барысында Омбудсмен мамандандырылған мекемелерде тұратын балалардың қорғауға, қамқорлық пен жылулыққа екі есе мұқтаж екенін атап өтті. Сондықтан балалардың мекемелері мен орталықтарының қызметкерлеріне балалардың амандығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті мен жауапкершілігін арттыру жүктеледі.
Сондай-ақ ол жақында Мемлекет басшысы әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заңға қол қойғанын еске салды.

«Әйелдер мен балаларға қатысты барлық зорлық-зомбылықты алдын алу – заңның негізгі талабы. Тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыстандыру мемлекет пен азаматтық қоғамның ортақ жеңісі болды. Бүгінде бұл заңға қарсы шыққан кейбір азаматтар түрлі болжамдарды таратуда. «Заң балаларды ата-аналарынан айырады» деген «пікір» – таза фейк», - деді Артур Ластаев.

Сонымен бірге, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл заңның дәстүрлі ұлттық отбасы құндылықтары мен отбасы институтын сақтауды жақтайтынын атап өтті.

Отырыс барысында Уәкіл жаңа заңның беделіне нұқсан келтіретін арандатушылар әрекетінің түбегейлі жолы кесілетінін мәлімдеді.

Еске салайық, 2024 жылғы 15 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті әйелдердің құқықтарын қорғау мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заңға қол қойған болатын. Жаңа заң әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар үшін жазаны қатайтуды көздейді.