Омбудсмен кеңсесінің өкілдері ЕО семинарына қатысты

Омбудсмен кеңсесінің өкілдері ЕО семинарына қатысты

 Ағымдағы жылдың 15-19 сәуірі аралығында Хельсинкиде (Финляндия) Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесінің өкілдері Орталық Азиядағы Омбудсмен мекемелеріне арналған семинарға қатысты. Бұл семинарды Еуропалық Одақ Хельсинки университетіндегі Заң үстемдігі орталығымен және Финляндияның Әділет министрлігімен бірлесіп ұйымдастырды. Аталған іс-шараға Орталық Азия елдерінің омбудсмендері мен олардың кеңселерінің қызметкерлері де қатысты.
Іс-шараны ұйымдастырудағы басты мақсат – Финляндия мен Орталық Азия елдері омбудсмендерінің адам құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастығын дамыту, адам құқықтарын қорғаудың заманауи тетіктері бойынша тәжірибе алмасу және өзекті мәселелер негізінде пікірталас ұйымдастыру.
Семинар барысында Адам құқықтары жөніндегі Ұлттық орталық басшысының орынбасары Жарқынбек Бақашбаев баяндама жасап, Омбудсменнің ерекше мәртебесі, азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру және олардың бұзылуының алдын алудың жаңа мүмкіндіктерін айқындаған конституциялық реформа, сондай-ақ Омбудсмен мен оның өңірлік өкілдерінің күнделікті қызметі туралы айтты.
Қазіргі уақытта Адам құқықтары жөніндегі Ұлттық орталықтың жұмысы адам құқықтарын қорғаудың белсенді тәсілдеріне көбірек бағытталып жатқанын, бұл үшін ұйым құрылымында ақпараттық-талдау бөлімшесі құрылғанын атап өтті.

Сонымен қатар Финляндия СІМ Департаменті Бәас директорының орынбасары Микко Кивикоскимен, Финляндия Әділет министрлігі Департаментінің Бас директоры Йоханна Суурпямен, Құқық үстемдігі орталығының директоры Туя Бракспен, вице-омбудсмен Майя Сакслинмен, Әділет вице-канцлері Микко Пуумалайненмен, Финляндияның Бас прокуроры Ари-Пекко Койвистамен, Финляндияның Жоғарғы әкімшілік сотының Президенті Кари Куусинемимен кездесулер өтті. Сондай-ақ, Финляндияның пенитенциарлық жүйесінің мекемесін аралап, танысты.

Жұмыс сапары барысында Ж.Бақашбаев шетелдік әріптестерін Қазақстан Республикасында жүргізіліп жатқан реформалардың барысы, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру призмасы арқылы мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимыл және оның болашақ перспективалары туралы жан-жақты хабардар етті. Сонымен бірге, еліміздің адам құқықтары жөніндегі әлеуетін айтарлықтай кеңейтетін ережелер түсіндірілді, ел дамуының демократиялық жағдайындағы саяси реформалар, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесінің өзекті мәселелері талқыланды.
Жалпы, Ұлттық орталық басшысының орынбасары ұсынған ақпарат шетелдік әріптестер тарапынан үлкен қызығушылық пен қолдауға ие болды.
Кездесулер нәтижесінде алдағы уақытта бірлескен ынтымақтастық туралы келісімдерге қол жеткізілді.