Омбудсмен Артур Ластаев Қазақстандық халықаралық адам құқықтары және заңдылық бюросы өкілдерімен кездесті

Омбудсмен Артур Ластаев Қазақстандық халықаралық адам құқықтары және заңдылық бюросы өкілдерімен кездесті

19 наурызда Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Қазақстандық халықаралық адам құқықтары және заңдылық бюросы және Қазақстанның азаптауларға қарсы үкіметтік емес ұйымдарының коалициясы өкілдерімен жұмыс кездесуін өткізді.

Кездесу барысында Ұлттық алдын алу тетігінің (ҰАТ) қызметі мен дамытудың мәселелері талқыланды.

Артур Ластаев азаптаулардың алдын алудағы ҰАТ-тың ерекше маңыздылығын, бұл механизм Қазақстанда жұмыс істеген
10 жыл ішінде азаптау мен қатыгездікпен күрес және оған қарсы іс-қимылда тиімділігін көрсеткенін және елеулі табыстарға қол жеткізгенін атап өтті.

Еске сала кетейік, Ұлттық алдын алу тетігі Қазақстанның Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазаларға қарсы конвенцияға факультативтік хаттаманы ратификациялауға байланысты халықаралық міндеттемелерін орындау аясында құрылған.

Қазіргі уақытта ҰАТ қатысушылары өз қызметін республиканың барлық аймақтарында жүзеге асыруда, оның қатарында 147 азамат бар. ҰАТ құрамына заңгерлер, психологтар, дәрігерлер, мұғалімдер және әлеуметтік қызметкерлер кіреді.

2023 жылы ҰАТ қатысушылары қылмыстық-атқару мекемелерінде және қоғамдық ұйымдарда адамдарды азаптау мен қатыгездік көрсетудің алдын алу мақсатында 461 профилактикалық іссапар жүргізді.

Нәтижесінде заң бұзушылықтарды жоюға 3 мыңнан астам ұсыным беріліп, 155 қызметкер тәртіптік немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Айта кетейік, ҰАТ мандат берген ұйымдар мен мекемелердің жалпы саны 3 764-ті құрайды.

Берілген ұсыныстардың негізгі сипаты қамауда ұстау жағдайлары, қажетті құралдармен қамтамасыз ету, құқықтық білім беру, сондай-ақ медициналық көмек көрсету, санитарлық нормаларды сақтау және тамақтандыру мәселелеріне қатысты.